386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің Қарулы күштері жаңа әуе техникаларымен толығады

  • 755
  • UPD: 21:22, 27.07.2017

Бұл туралы бүгін Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосанов хабарлады.

Оның айтуынша, биыл тағы екі Су-30 жойғышы мен төрт Ми-35 тік ұшағы сатып алынады. Сондай-ақ бүгін кәсіби дайындықтарын пысықтаған көк аспан сақшылары кезекті рет өткізілген оқу-жаттығуларын Қарулы күштеріміздің 25 жылдығына арнады.

Әуе алаңынан көтерілмес бұрын басшылардан нұсқау алып, дайындығын көрсетіп тұрған бұл ұшқыштар оқу-жаттығу алдында да жауапкершілікті көкейден шығарған емес.

Астанадағы №19132 әскери бөлімінің әуе базасында өткізілген оқу-жаттығулар Қарулы күштеріміздің 25 жылдығына арналды. Ми-17В-5, Ми-171Ш және EC-145 тікұшақтарын тізгіндеген жас мамандар кезекті рет кәсіби шеберліктерін шыңдады. Олардың барлығы дерлік Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтының түлектері. Солардың бірі 23 жастағы Алтай Кәмиев. Байқоңыр тумасының айтуынша, әрбір пилот әскери әуе техниканы тізгіндемес бұрын, ұшуға физикалық және психологиялық тұрғыда тыңғылықты дайындалуы қажет.

Алтай Кәмиев, ұшқыш:

- 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына түскенмін. 2015 жылы ол институтты бітіріп, осы Астанаға келдім. Бұл тікұшақтың ұшу көрсеткіштері өте жоғары деңгейде. Оның барлығы ұшқыштарға жұмысын жеңілдетеді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Ұшқыштардың айтуынша, Ми-8 тікұшағынан бұл ЕС-145, яғни еурокоптер тікұшағының басты айырмашылығы – іздестіру жұмыстарында таптырмас әуе техникасы. Бұл еуропалық тікұшақтың басты айырмашылығы оның сыйымдылығы жағында. Яғни экипаж мүшесімен қосқанда бұл тікұшаққа 10 адам сыяды. Экипаж орындығын ауыстырып, жолаушыны да отырғызуға болады.

Қазақстан Республикасының Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосановтың айтуынша, техникалардың жарамдылығы оның шыққан жылына емес, техникалық жағдайына байланысты. «Өйткені әскери әуе кемелерінің фюзеляжынан басқасының барлық бөлшегі ауыстырылып, қозғалтқыштары жаңартылады», – дейді авиация генерал-майоры.

Дәурен Қосанов, ҚР ҚК Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы:

- Биыл тағы екі Су-30 сатып аламыз және төрт Ми-35 тікұшағын сатып аламыз.

Ұшқыштардың жаңа техникаларды тез меңгеру мәселесі де қараусыз қалған емес. Әскери-әуе күштері қолбасшысының тәрбие жөніндегі орынбасары Еркін Жұмағалиевтің айтуынша, сатып алынған ұшақтарды басқару үшін ұшқыштар мен техниктер де шетелдерде арнайы курстардан өтеді.

Еске салайық, әскери әуе базасындағы ұшақтар мен тікұшақтардың көбі көрші Ресейден сатып алынған техникалар. Алдағы уақытта Ил-476 және А-400 ұшақтары мен қытайлық «Винг-лунг» жерден басқарылатын әуе аппараттарын сатып алу жоспарда бар. Ал 1970 жылы құрастырылған Су-24, МиГ-23 пен МиГ-27 жойғыштары қолданыстан шығарылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Бахтияр Ырзаев

Хабар 24 телеарнасы