387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысындағы ауылға газ құбыры тартылады

  • 666
  • UPD: 19:45, 28.07.2017

Маңғыстау облысындағы Сайын Шапағатов ауылына 2 шақырымнан астам газ құбыры тартылады. Бірнеше жылдан бері түйіні тарқамаған мәселе өңірлік қоғамдық кеңес мүшелерінің араласуымен шешімін тапты.

Түпқараған ауданына қарайтын ауыл тұрғындары от жағу азабынан құтылатындарын естіп, қуанып жатыр. Өтініштерін жерде қалдырмаған өкілетті ұйымға айтар алғыстары шексіз.

Мал ұстап, төрт түлік түлетуді көздеген Жамал Тайлақова бес жыл бұрын осы ауылға көшіп келген. Жер телімін алып, үй салады. Алайда елді мекеннің бас жоспарына қосылмаған жерге инфрақұрылым тартудың қиындығын кеш түсінген. Өзі секілді мұңы бір ауылдастарымен әкімдік жағалап, 2014 жылы отыз үйге тоқ тартылады. Ал көптен күткен газ мәселесі биыл қоғамдық кеңестің көшпелі жиынында шешілді.  

Жамал Тайлақова, Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны:

– Үйімізді отынмен, сосын электр қуатымен жылытып отырмыз. Осы ауылда 6-7 үй тұрамыз. Отыз үй қалдырылғанбыз, бірақ оның көпшілігі көгілдір отынның болмауына байланысты көшіп келе алмай отыр. Бізге ауылдың, ауданның әкімі де қосып, жалғап береміз деп отыр. Біз енді соған сеніп отырмыз.

Іргелес 5-ші көшеге көгілдір отын желісін тарту кестеге сай жүріп жатыр. Ауыл әкімінің айтуынша 6-шы көшеге газ құбырын салу шығыны жергілікті бюджеттен емес, демеуші мекеме есебінен өтеледі.

Ғабиден Нұржаубай, Сайын Шапағатов ауылының әкімі:

– Әуежайдағы ұшақтар ұшу алаңының астында орналасқандықтан тұрғындарды көшірдік. Осы жерде құрылыс жұмыстарын бастап, орналасып алған тұрғындардың өтініштеріне сәйкес отыз үй қалдырылды. Қазір осында орналасқан тұрғын үйлерге электр желісі тартылып тұр. Енді тұрғындардың сұрап отырған мәселесі үйлерді газ желісіне қосу. Жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, қазір дайындалу үстінде. 2100 метрдей газ желісі тартылады деп жоспарлап отырмыз.

Жергілікті қоғамдық кеңес құрылғалы бері облыстың бес аудан, екі қаласында отыздан аса көшпелі жиын өткізген. Кеңес мүшелері тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелердің жергілікті әкімдіктер тарапынан оң шешілуін назарда ұстап келеді. Ақтаулықтардың ұсыныс-арыздары «Қоғамдық келісім» ғимаратындағы орталық кеңседе қабылданады.

Қайролла Ережепов, өңірлік қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Менің есімде көпшіліктің жазған екі хаты. Жақында Сайын Шапағатов ауылы 6-шы кварталынан келген хат. Қарақия ауданы Сенек елді мекенінің халқы өздерінің әлеуметтік мәселелерінің шешілу бағытының ойдағыдай емес екендігін, кемшіліктері бар екендігін айтып ұсыныс берді. Айтылып отырған мәселелердің барлығы да ауданның әлеуметтік өркендеу бағдарламасының ішінде бар нәрсе болуына байланысты оны әкімшілікке тапсырдық.

Жергілікті кеңес мүшелері әлеуетін арттыру арқылы қоғамдық бақылауды дамыту қағидатын берік ұстанып келеді. Бұл бағыттағы шараларды «Азамат дауысы» үкіметтік емес ұйымы өткізіп жүр. Таяуда Шығыс Қазақстан облысының мамандары арнайы шақыртылып, тараптар тәжірибе алмасты. 

Ғалия Жалғасбай, «Азамат дауысы» ҮЕҰ жетекшісі:

– Шығыс Қазақстан облысының қоғамдық кеңесі 1996 жылдан бері қоғамдық негізде жұмыс жасап келе жатыр екен. Былтырғы заң күшіне енгеннен кейін олар заң аясында ауысыпты. Ал Өскемен қаласының жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің жұмысы 2006 жылдан басталған. Барлық өңірлердегі сияқты өзіндік шаруашылық, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық немесе тұрмыстық мәселелері жеткілікті. Соған байланысты олар өз қызметінде қанатын кеңінен жайған. 

Үкіметтік емес ұйым жыл соңында өңірдегі қоғамдық кеңестердің атқарған қызметіне талдамалы анықтама дайындайды. Бұл қадам кеңестердің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру деңгейін жақсартуға бағытталған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы