387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестациялау аяқталды

  • 526
  • UPD: 12:07, 31.07.2017

Елімізде «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестациялау аяқталды.

Нәтижесінде 66 мың адамның 91 пайызы қазіргі істеп отырған қызметіне сай, ал 5 мыңға жуығы лауазымын өсіруге лайық деген баға алды.

Екі ай бұрын Сәуле Алданиярова жаңа қызметке тағайындалды. Қазір ол Алматы қаласы Алмалы аудандық қазынашылық басқармасының жетекшісі. Білікті маманның жауапты лауазымға тағайындалуы кездейсоқ емес. Қажырлы еңбектің арқасында қарапайым қызметкерден басқарма жетекшісіне дейін өсті.

Сәуле Алданиярова, Алмалы аудандық қазынашылық басқармасының жетекшісі:

– Қазынашылық қызметте 20 жыл бойы істеп келемін. Қызметімнің өсуіне аттестацияның септігі тиді. Бұл жұмыс орны бос тұрған. Байқау жарияланса, оған да қатысар едім. Бірақ осындай мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?!

Айнұр Баженова Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіре сала, қалалық әкімдікке жұмысқа орналасқан. Еңбек өтілі 11 жыл. Алматыдағы республикалық және қалалық деңгейдегі мерекелік және мәдени іс-шаралардың барлығы да Айнұрдың атсалысуымен өтеді. Аттестациядан кейін Айнұр да бөлім басшысы қызметіне тағайындалды.

Айнур Баженова, Мәдениет және архивтер басқармасының бөлім басшысы:

Әрине, қуаныштымын. Өйткені мен студенттік өмірден кейін алғашқы ұжымым десем болады, алғашқы қызметім осы мемлекеттік қызметтен басталды. Кезең-кезеңмен келе жатырмын. Бұл тағы бір жетістігім деп ойлаймын.

Биылғы сынақта заң және тіл білімі тексерілген жоқ. Қиын сәтте ұтымды шешім қабылдай білу секілді қызметшінің кәсібилігін анықтауға ден қойылды.

Айгүл Байханова, ҚР МҚІСЖҚА қалалық департаментінің басшысы:

– Енді мына аттестация бұрынғы аттестациялауға қарағанда ерекше болып өтті. Себебі, біріншіден, аттестациялық комиссияның құрамына тек мемлекеттік органның басшысы ғана емес, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ қызметкерлері де енген.

Аттестацияның арқасында Алматыда 225 адамның лауазымы жоғарылайтын болды. Оның ішінде 43 маман жаңа қызметіне кірісіп те кетті. Қалғандары жыл соңына дейін тағайындалады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Полина Чихичина, Мәди Мәмбетбаев, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы