386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


К.Байпақов: Қазақ жері үлкен қала мәдениетінің ошағы болды

  • 1093
  • UPD: 10:12, 02.08.2017

Ерте және орта ғасырлардағы қазақ жерінде қала мәдениеті болған. Мұндай тұжырымды тарихшы ғалым, академик Карл Байпақов «Ерте заманнан 19-шы ғасырға дейінгі кенттену» атты ірі монографиясында дәлелдеген.

Жаңа монография Қазақстан жерінде тек көшпенділер өмір сүрген деген пікірді жоққа шығарады. «Қола дәуірінен бастап қалалық елді мекендердің пайда болуы, орта ғасырлардағы Ұлы Жібек жолы тармақтарының Қазақстан жері арқылы өтуі қала мәдениетінің дамуына жол ашқанын археологиялық қазбалар дәлелдеп отыр», дейді тарихшылар. 

Арнабай Нұржанов, археология институтының бас ғылыми қызметкері:

– Біздің жер тек қана көшпелі жер емес, үлкен қала мәдениетінің ошағы болған. Сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігі болған. Бізге қаланы ешкім салып бермеген. Біздің ата-бабаларымыз сол қаланы салған. Негізгі түйіні сол. Біз елімізде шойын қорыту Қытайдан 100 жыл бұрын болғандығын дәлелдедік

Мәселен, Жетісу жерін мекендеген үйсіндер мен сақтар тарихта осы уақытқа дейін көшпенділер ретінде танылды. «Ал жаңа зерттеулер таулы аймақтарда қалалардың болғанын, егіншілікпен айналысқан отырықшы халықтың болғанын көрсетті», дейді автор. Соңғы зерттеулерге археология саласындағы жаңа технология арқылы қол жеткен.

Карл Байпақов, ҚР Ғылым академиясының академигі, ғалым:

Зерттеу жұмыстарында заманауи әдістер қолданылады. Археология қазір күрек пен қалақты ғана қолданатын ғылым емес. Қазба жұмыстарын жасамас бұрын сол аймақты сканерлеп, ежелгі қалаларды зерттеп, ондағы көшелердің, сарайлардың орналасуын алдын ала біліп отырамыз.

Көпшілік оқырманға арналған кітап болашақ ұрпақтың өз тарихын біліп, рухани өсуіне үлкен септігін тигізбек.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы