385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы қаласының қоғамдық көліктері әртараптандырылған тарифке ауысты

  • 730
  • UPD: 22:18, 02.08.2017

Бұдан былай бір реттік жол жүру ақысы қолма-қол төлейтіндер үшін 150 теңге, ал «Оңай» картасын қолданатындарға 80 теңге болады.

Оған қоса электронды жол жүру билетін пайдаланатындарға арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Жол ақысын төлеудің жаңа жүйесі бойынша шаһарда арнайы рейд басталды.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Алматыдағы қоғамдық көліктерге арналған рейдтің бір тәуліктегі нәтижесі мынадай: 150 теңгелік жол ақысын төлеуден бас тартқан 15 жолаушыға 2 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар билет бермегені үшін 7 автобус жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылды.

Айта кетейік, рейд таңғы және кешкі уақыттарда жүргізілуде.

Қазір қаланың барлық бағыттарындағы қоғамдық көліктерді арнайы мамандар жіті бақылап жүр. Олардың мақсаты – жол ақысын төлемеген жолаушыларды, қолма-қол төлем үшін билет бермеген жүргізушілерді анықтап, әкімшілік жазаға тарту.

Азамат Бердібеков, «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС ішкі бақылау қызметінің басшысы:

- Біздің міндетіміз – жолаушыларға қоғамдық көліктегі ережені сақтауға, жол ақысын бірден төлеуге үйрету. Сонымен қатар қолма-қол төлем кезінде міндетті түрде билет талап етуді айтып отырамыз.

Жолаушылардың айтуынша, кондукторлар мен жүргізушілер уақыты өтіп кеткен жарамсыз билет береді екен. Біз осындай әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап, жауапқа тартпақпыз.

Әртараптандырылған жүйе күн сайын көлеңкеде кететін қаржыға тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Сол себепті де қолма-қол төлем жүйесінің сомасы өскен. Егер тұрғындар оңай картасын пайдаланса, жеңілдіктер қарастырылған. Яғни алғашқы 10 төлем 80 теңге, одан кейін 75 теңге және соңында 70 теңгеге дейін арзандайды.

Айта кетейік, «Оңай» картасы іске қосылғалы бері заңды түрдегі қоғамдық көлік табысы бірден артқан.

Мақсұт Исақов, Алматы қаласы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Жолаушыларымызды электронды билетке өткізу бізге осы қоғамдық көлікте жүрген ақшалардың жарыққа шығарылуына көмектеседі. Біздің тасымалдаушылар, тасымалдаушылар қауымдастығы бізге үнемі айтып отырады. Қалалық әкімшілік субсидия төлемейді, біздің шығындарымызды төлемейді дейді.

Әртараптандырылған тариф бойынша жолаушылардан түскен бір күндік қаржы көлемі 42 млн теңгеден асқан. Бұл осыған дейінгі тәуліктік табыстан 60%-ға жоғары. Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап Алматыдағы қатарлас қос көше бір бағытты болады. Яғни Шевченко көшесі шығыстан батысқа, Құрманғазы көшесі батыстан шығысқа қарай қозғалады. Оған қоса Алтынсарин даңғылы бойынан 7 шақырымдық автобус жолағы сызылады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Ерлан Әбжанов, Әбен Нарынбаев

Хабар 24 телеарнасы