Білім беру гранттарын тағайындау бойынша республикалық комиссия өз жұмысын бастады.
Оның құрамына мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары енді. Биыл бөлінген грант саны 38 мыңға дейін артқан. Оның 35 мыңы бірінші курс студенттеріне, қалғаны университеттердің даярлық бөлімшілеріне түсетіндерге арналған. Осы жылы тегін оқуға 63 мыңдай адам үмітті. Ал «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасы аясында үлестірілетін квота бойынша байқауға 9 мыңнан астам талапкер қатысып отыр.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
– «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасы аясында 9148 студентке білім беру квоталары белгіленіп отыр. Жалпы үміткерлердің арасында 4627 талапкер «Алтын белгі» иегерлері болса, 5 мыңнан астамы кәсіптік колледждерде білім алған студенттер. Мың оқушы пән олимпиадалары мен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері екенін ескергеніміз жөн.