387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында жеке сот орындаушылардың саны артады

  • 773
  • UPD: 20:49, 04.08.2017

Азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы конституциялық кепілдіктің маңызды құралы – сот актілерінің орындалуымен тікелей байланысты.

Сондықтан жеке сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту бағыттары «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында нақты көрсетілген.

Бүгін жеке сот орындаушылар мен ішкі істер бөлімінің қызметкерлері біріге отырып, кешендік көлікпен борышкерлерді ұстау кезекті шарасын жүргізді. 2017 жылдың тек жарты жылында борышкерлердің саны 150 мыңға жетіп отыр.

Еркебұлан Қажымұхан, жеке сот орындаушының көмекшісі:

– Күнде ішкі істер бөлімінің көлігімен рейдке шығамыз. Мұнда борышкерлердің базасы бар, сол база арқылы өтелмеген қарызы үшін тыйым салынған жылжымалы мүлкін тәркілейміз. Әр сот орындаушы кезекпен осы шараларға қатысады.

Жеке сот орындаушысы – нарықта борышты өтеу бойынша қызмет ұсынатын бәсекеге қабілетті тұлға. Қазір аймақта 150-ге жуық жеке сот орындаушы еңбек етеді. Ұлт жоспарының 27-қадамында көрсетілген бағыттар бойынша жеке сот орындаушылардың санын ұлғайту жоспарланған. «Бұл сот шешімдерінің және өзге де актілердің орындалу сапасын арттыруға, өндірушілер тарапынан сот актілерінің орындалмауына қатысты шағымдарды азайтуға, орындалу мерзімін қысқартуға септігін тигізеді», дейді аймақтық жеке сот орындаушылар палатасының басшысы Дәурен Қуанышев.

Дәурен Қуанышев, аймақтық жеке сот орындаушылар палатасының басшысы:

Жеке сот орындаушылар өзін қаржыландыратын тұлғалар. Сондықтан сот шешімдерінің тезірек орындалуы өздерінің мүддесінде. Ал орындалған сот актілерінің көлемінен олардың төлемақылары тәуелді. Сол себептен жеке сот орындаушылары әрқашанда бәсекеге қабілетті және сапалы жұмыс атқаруға тырысады.

Бүгінде жеке сот орындаушылары ішкі істер органдарына соттың шешімін орындаудан бас тартқан 135 адамды қылмыстық іске тарту туралы хаттама жолдаған. 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында 12 684 алимент төлемеген борышкерлерге қатысты шаралар қолданылып, 158 борышкер іздестірілу үстінде. Ал 1280 адамға Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығуға тыйым салынды.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы