383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда «Ұлы дала елі» этнофестивалі басталды

  • 1943
  • UPD: 15:04, 12.08.2017

Халқымыздың ұлттық болмысы мен құндылықтарын насихаттауды мақсат еткен ауқымды шара екі күнге созылады.

«Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» демекші, «Ұлы дала елі» фестивалі биылғы жылы халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Олай дейтініміз, осы жолы Ертіс – Баянауыл өңіріне Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей және Моңғолиядан меймандар шақырылды. Делегация мүшелері бұл фестивальдің негізгі шараларына арнайы қатыспақ.

Бүгін Ертіс өзенінің жағасы нағыз қазақ ауылына айналды. 115 ақшаңқан киіз үй тігілді. Ұлттық нақышта безендірілген нысандар көздің жауын алады. Бір сөзбен айтқанда, көшпенді халықтың төл мәдениеті паш етілуде. Фестиваль екі күнге созылады. Дәл қазір соңғы дайындық жұмыстары пысықталып, шығармашылық ұжымдардың концерті өтуде.

Блиц:

- Осындай кең далада қазағымның той тойлап жатқанына өте қуаныштымыз. Әртістермен, айтыскерлермен бірге біз де тойлатып жатқанымызға өте қуаныштымыз!

- Маған фестиваль қатты ұнап жатыр. Мен мұнда әдейілеп қазақ киімін киіп келдім. Қазақ халқының мәдениетімен таныстырып кетейін деп келдім.

- Моңғолиядан бай өлкеге келіп қалдық. Қазақ халқының қуанышына ортақтайық деп. Ұлы дала елінің ұландарының рухы берік болсын! Әрдайым Қазақ елі биікке самғай берсін!

Айта кетейік, «Ұлы дала елі» фестивалін ұйымдастыру жұмыстары жаз бойы жүргізілген. Жергілікті мәдениет саласының мамандарының еңбегі ерекше. Осылайша жұртшылықтың көңілінен шыққан ауқымды шара дәстүрге айналды. Келушілер көшпенді халықтың мәдениетімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.

Фестиваль қонақтары киіз үйлерді аралап, ұлттық салт-дәстүрлермен таныса алады. Сонымен қатар көшпенділердің саятшылық өнерін де тамашалауға мүмкіндік бар. Фестиваль аясында түрлі ұлттық музыкалық аспаптар мен ұлттық тағамдар көрмесі де ұсынылады. Көшпенділердің әскери өнері де назардан тыс қалған жоқ. Туған жерімізді жаудан қорғаған ержүрек ата-бабаларымыздың өмірі де айшықталды. Шыны керек, мұнда өзіңізді орта ғасырдағы қазақ ауылында жүргендей сезінесіз.

Қайыр Рақымжанов, қолөнер шебері:

- Жастарға насихаттау – бұл енді біздің міндетіміз деп ойлаймын. Жастар өзінің тамыры қайдан шыққанын білулері керек. Өзінің тамырын білмей, ел ел болмайды. Ал енді өзінің тамырын, қайдан шыққанын, өз өнерін білсе, сонда ғана халықтың рухы көтеріліп, қазақ екенін сонда ғана түсіне бастайды.

Фестивальдің негізгі шаралары ертең өтеді. Осы өңірде алғаш рет ұлттық киімдердің көрсетілімі ұйымдастырылады. Тіпті асыл тұқымды жылқылардың бәссаудасы да өтпек. Ертең сонымен қатар келушілер «Үздік келін» байқауында суперкелінді таңдауға да атсалыса алады.  Мұнымен қоса 300 домбырашының орындауындағы Ертіс өңірінің дара тұлғасы Жаяу Мұсаның «Құм жылан» күйін тыңдауға да болады.

Хабар 24 телеарнасы