388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды нан-тоқаш зауытында өнім көлемі артты

  • 1602
  • UPD: 19:30, 14.08.2017

Бастапқыда тәулігіне 1,5 тонна өнім дайындалатын.

Қазір бұл көрсеткіш 70 тоннаға дейін жеткен. Индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асқан тың жоба өңір тұрғындарын сапалы азықпен қамтамасыз етіп отыр.

Зауыттағы жабдықтар Италия мен Германиядан әкелінген. Жаңа технологиямен жарақтанған кәсіпорын қарқынына қарқын қосып келеді. Жұмыс процесі толықтай автоматтандырылған. Нанның қамырынан бастап, пісуіне дейінгі кезеңнің бәрін технология өзі реттейді. Қазір мұнда 400 адам еңбек етеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да орын қарастырылған.

Ерлан Нығматулин; Нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауыттың акционері:

- Біз зауытта еңбек етіп жатқан азаматтарға айтарлықтай көңіл бөлеміз. Әр жұмысшының әлеуметтік пакеті бар, оған қоса зауыт тегін тамақтандырады. Арнайы транспортпен жұмысшыларымызды кәсіпорынға алып келіп, жұмыстан кейін үйіне дейін жеткіземіз.

Өндірістік қуаты артқан зауыт облыс орталығын ғана емес, өзге қалаларды да нан-тоқаш өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорын 120-дан астам нан түрлерін шығарады. Қала бойынша мамандандырылған 26 дүкен жұмыс істейді. Табиғи таза, дәмді өнімге сұрнас та жоғары.

Ирина Мұқатаева, сатушы:

- Мен бұл дүкенде 5 айдан бері жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Өнімдеріміздің сапасы өте жоғары. Тұтынушылар әрқашан ризашылығын білдіріп тұрады. Күніне екі рет жаңа піскен өнімдер жеткізіледі.

ТМД елдерінде баламасы жоқ зауыттың тапсырыс қабылдайтын 21 жылжымалы нан павильоны бар. Заманауи құрылғымен жабдықталған көліктер тапсырысты дер кезінде жеткізеді. Айта кету керек, қазір кәсіпорын колледж студенттерін тәжірибеден өткізуге мүмкіндік ашып отыр.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Асет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы