384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің саны артты

  • 995
  • UPD: 20:35, 14.08.2017

Бүгін мемлекеттік грант иегерлерінің жаңарған тізімі жарияланды.

Бұған дейін берілген 37 932 білім грантына енді тағы 1 487-сі қосылды. Жаңа тізімге бұған дейін ҰБТ-дан жинаған ұпайы жоғары болса да, грантсыз қалғандардың есімі енді. Ал «Алтын белгі» иегерлері қолданыстағы заңға сәйкес гранттармен қамтылуы тиіс. Сол себепті республикалық комиссия аталған санаттағы талапкерлерге университтердің, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрліктерінің есебінен грант бөлу туралы шешім шығарды.

Жоғары оқу орнына түскен грант иелерінің есімдері 10 тамыз күні белгілі болды. Алайда астаналық Динара Молдабектің сіңлісі Айгүл Жұмабаеваның есімі бұл тізімге ілікпей қалды. 131 ұпай жинаған түлек «экономика» мамандығы бойынша берілетін гранттардың бірінен үмітті еді. Бірақ жоғары оқу орнында тегін оқитындардың ішінде бірыңғай тестілеуден сіңлісінен кем балл жинағандарды көрген Динара құзырлы органдарға барып мән-жайды сұрастырады. Тізімде негізінен «Алтын белгі» иегерлері мен ауыл мектептерінің түлектері болған. Келесі күні министрлік алдына шағымдануға келгендердің қарасы қалың болды. Осыған орай ведомство басшысының өзі ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бел буды. Кездесу нәтижесінде гранттарды қайта үлестіру шешімі қабылданды.

Мемлекеттік грант иегерлерінің жаңарған тізімі бүгін жарияланды. Қосымша 1 мың 487 грант беріліпті. Жаңа тізімде Динараның сіңлісі Айгүл де бар.

Динара Молдабек, түлектің апасы:

- Сөйлеген ата-аналардың ішінен үш адамды ата-аналар комиссиясы ретінде кірдік. Сол үш ата-ананың бір баласы грант бойынша өтпей қалды.

Республикалық ашық комиссия отырысына ата-аналармен бірге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, жоғары оқу орындары қауымдастығының, білім саласы қызметкерлері кәсіподақтарының өкілдері қатысты. Осылайша ата-аналар гранттардың автоматты жүйе арқылы бөлінетініне көз жеткізді. Берілген гранттардың 13 мыңы техникалық, 8 мыңға жуығы педагогикалық, 3 мыңнан астамы медициналық және 2,5 мың грант ауылшаруашылық мамандықтарына бағытталды.

Ал «Алтын белгіге» үміткер бола тұрып, бірақ Ұлттық біріңғай тестілеу кезінде төмен ұпай жинаған түлектерді оқытқан мектептерде алдағы аптадан бастап тексеріс жүргізіледі.

Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ жоғары және ЖОО кейінгі білім департаментінің директоры:

- Бұл тексерістердің нәтижесі түлектерге әсері болмайды. Алайда белгіні тағайындау барысында құжаттарды бұрмалау фактілері анықталған жағдайда мектеп басшылығына қатаң шаралар қолданылады.

Ата-аналар гранттарды қайта бөлуге бастама көтерілмесе, биыл 1 487 бала грантсыз қалар еді. Осы орайда, министрліктің атқарған жұмысына сын көп айтылды.

Рахман Алшанов, ЖОО Қауымдастығының президенті:

- Көп әңгіме болды осы күндері. Ол енді сабақ, сын, тест орталықтары да олар да жаңалықтарды ескеріп отыр дегендей. Соның барлығы ескеріледі.

Авторлары: Мөлдір Доспаева, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы