384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әуежайдағы автотұрақ бағасы қолға алынды

  • 631
  • UPD: 20:36, 14.08.2017

Астана әуежайындағы тұраққа көлігін қойып кеткен жолаушылар қыруар қаржы төлемейді.

Оларға бір ретке кешірім беріліп, тек 2 мың теңге төлеу ұсынылды. Бірақ бұдан кейін мұндай жеңілдік жасалмайды. Бүгін «Астана LRT» серіктестігі көлік басқармасы төрағасының орынбасары Рустам Халилев журналистер сауалына осылай деп жауап берді. Айтуынша, тұрғындардың шағымдануына еш негіз жоқ. Себебі көлік тұрағына кірер жерде арнайы тариф көрсетілген. Алғашқы жарты сағат тегін. Егер бір сағат аялдасаңыз онда 300, екі сағатқа 400 теңге төлейсіз. Ал әр келесі сағат үшін 1 500 теңге. Сондықтан көлігіңізді ұзақ уақытқа қалдырсаңыз, онда әуежай жанындағы жабық паркингке қоюға болады. Онда тәулігіне 2 мың теңге.

Айта кетейік, тұрғындар әлеуметтік желілерде көлік тұрағы бағасының тым қымбатқа, яғни 50-100 мың теңгеге дейін шығып кеткенін жарыса жазған болатын.

Серік Сәпиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мен көлігімді тұраққа қойып, таңертең Алматыға ұшып кеттім. Кешкісін қайтып келіп қарасам, 25 500 теңге шықты. Жарты тәулік үшін мұндай сома төлеймін деп ойламадым. Маған достарым хабарласып, кейбіреулеріне 57 мың теңге шыққанын айтты. Тіпті көлігін 2 тәулікке қойып кеткені үшін тариф құны 102 мың теңгеге дейін жеткен. Бұл халыққа алдын-ала ақпарат таратпағандықтан. Тарифті тәулігіне 2-3 мың теңге төлейтіндей етіп бекіту керек деп ойлаймын. Себебі тұраққа көлігін қойып кетер кезде әр сағат үшін 1 500 теңге төлеймін деп ешкім ойламайды. Ал келесі тәулікте сағатына 2 500 теңге қосылады.

Сондай-ақ көлігін тұраққа жарты сағат тегін қойып, уақыты өткеннен кейін қайтадан айналып кіріп жүрген такси жүргізушілеріне де шектеу қойылатыны айтылды.

Рустам Халилев, «Астана LRT» басқармасы төрағасының орынбасары:

- Біз көлік нөмірін анықтайтын арнайы жүйе енгізіп жатырмыз. Яғни тұраққа кіріп, жарты сағат өткеннен кейін айналып қайтадан келер болса, онда оның сонда жүрген уақыты есептеледі. Яғни билетті қайтадан алса да, ол алдында аялдаған уақытқа төлейтін болады. Бұл шара заңсыз тасымалмен айналысуға шектеу қоюға септігін тигізеді.

Хабар 24 телеарнасы