383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Еуразия» – кинематографиядағы маңызды тұғырнама

  • 525
  • UPD: 15:00, 15.08.2017

«Еуразия» 13-халықаралық кинофестивалі биыл да ұсынылған фильмдер мен қатысушылар саны жағынан алдыңғы қатарға шықты.

Байқауға қатысқан әзербайжандық кинематографистердің санауынша, бұл фестиваль әрбір картинаның тағдырына елеулі септігін тигізіп отыр.

Асиф Рустамов, режиссер, «Еуразия» кинофестивалінің әділқазы мүшесі:

– Әдетте осы кинофестивальдан кейін біз өзге байқауларға шақыру алып жатамыз. Бәрі біздің картинаны «Еуразия» киношарасынан көргенін жарыса айтып жатыр. Осы орайда бұл фестиваль Азия мен Кавказ туындылары үшін маңызды тұғырнама іспетті. Байқаудың әлемдегі беделі артып келеді.

Әзербайжандық киножасаушылар Астанаға «Анар бағы» атты картинаны әкеліп, «Үздік ер адам рөлі» деген арнайы марапатқа ие болды. Осылайша, туынды ішінде басты кейіпкерді сомдаған Гурбан Исмаиловтың жетістігі биыл Қазақстаннан бастау алды.

Гурбан Исмаилов, актер:

– Биыл Қазақстан менің актерлік мансабыма ерекше ықпалын тигізді. Еуразия кинофестиваліне шамамен бір жарым ай уақыт қалғанда біз театр құрамымен Астана сахнасында өнер көрсеткенбіз. Артынша өзге өңірлерден де ұсыныстар түсті. Содан кейін мен Еуразиялық кинобайқауда «Анар бағы» фильмімен «Үздік ер адам рөлі» атағын алдым. Менің өнерімді жоғары бағалаған Қазақстан еліне, халқына ризамын.

Әзербайжандық әртістер Қазақстандағы киноөнерге ауған назардың ауқымы кеңейіп келе жатқанын жасырмады. Бұған бір ғана мысал: жуырда жас қазақстандық режиссерлердің бірі отбасы туралы драма түсіріп, екі апта ішінде жұмсаған шығынын ақтады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Шафаг Алиева, Эльшан Шахбалаев

Хабар 24 телеарнасы