384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысының диқандары: биыл астықтың сапасы да, шығымы да жоғары

  • 780
  • UPD: 20:48, 15.08.2017

Биыл бидайдың шығымы да, сапасы да жылдағыдан жоғары. Астықты аймақтағы диқандардың болжамы осындай. Ендігі міндет мол өнімді төкпей-шашпай жинап алу.

Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Қостанай облысына барып, дала төсінде диқандармен дидарласып, орақ науқанына дайындық барысын пысықтады.

Ибраш Естаев басқаратын шаруашылық жыл сайын алқаптарды әртараптандыруға көңіл бөліп келеді. Әйтсе де бидайдың үлесін отыз пайыздан төмендеткен емес. Пісіп-жетілген алқаптарға бірер күнде орақ түспек. Көлік-құрал сақадай сай. Бітік өскен биылғы егін кәнігі диқанды қуантып отыр. 

Ибраш Естаев, шаруашылық басшысы:

– Биыл Президентімізді де, Үкіметімізді де, жалпы халықты да қуантатын жағдай бар. Мен 49-50 жыл егінмен айналысып келемін, жылда салыстырамын ғой, жылда бұлай бола бермейтін. 

«Биылғы астық тек шығымы ғана емес, сапасы жағынан да жоғары болады», – дейді диқандар Үкімет өкілдерімен кездесуінде. Себебі мемлекет жәрдемімен сапалы тұқым егу көлемі 1,5 есеге ұлғайды. Бірегей тұқымды пайдалану 68%-ға өсті, тиісінше нашар тұқым 1,6 есеге қысқарған. Тыңайтқыштарды субсидиялау механизмінің өзгеруі де тиімді нәтиже берді.  

Ажар Қажыбекова, ҚР АШМ егіншілік депарментінің директоры:

– Қазіргі таңда төрт жүз тоғыз мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынып қолданылды. Ал ол былтырғы жылы 261 мың тонна ғана болған. Бұл да астықтың сапасына әсер етеді.

Биыл еліміз бойынша егіс алқабы 22,1 млн. гектарды құрады, бұл былтырғымен салыстырғанда 651 мың гектарға көп. Ал жаздық егіс 18,7 млн гектар.

Сондай-ақ Асқар Мырзахметов диқандармен жүздесуінде биылдан бастап әртараптандыруға баса көңіл бөлінетіндігін, отандық өндірушілерден аспалы-тіркемелі техника алған шаруаларға жеңілдетілген несие берілетінін мәлімдеді. Бұл мақсатқа 5 млрд теңге қарастырылған. Сапарды қорытындылаған жиында министр өңір басшыларына орақ науқанын ойдағыдай өткізуді тапсырды.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы