Лондоннан электромобильмен шыққан саяхатшы EXPO көрмесіне келе жатыр

Ұлыбританиялық Крис Рамси электр қуатымен жүретін көлікпен EXPO-2017 көрмесіне жол тартты. Лондоннан шыққан саяхатшы бүгін Ақтауға жетті. Ол қуат қоры 250 шақырымға жететін электромобильмен 20 мың шақырым жолды жүріп өтпек.

Сапарының басым бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Кестеге сәйкес Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай және Павлодар облыстарын аралап, 21-ші тамызда Астанаға табан тірейді. Еліміздің сұлу табиғатымен танысып, тарихи-мәдени ескерткіштерін аралап шықпақ.

Айта кету керек, Крис Рамси электромобильмен ұзақ саяхат жасаған алғашқы адам.

Крис Рамси, саяхатшы /Ұлыбритания/:

– Астанада өтіп жатқан EXPO халықаралық көрмесінің тақырыбы бар адамзат үшін маңызды. Қазақстан баламалы энергетика мәселесін дұрыс қозғап отыр. Болашақта барлығымыз жасыл экономикаға көшеміз. Көрмеде әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің соңғы жаңалықтарын ұсынып жатыр. Сонымен танысуым қажет. Жасыл экономиканы қолдау мақсатында бұл сапарға арнайы электромобильмен шықтым.