389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында жаңа тұқым сұрыптары өндіріске жолданды

  • 608
  • UPD: 12:25, 16.08.2017

Ақмола облысында осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болған «Асыл сапа» атты бидайдың жаңа сұрпы жан-жақты тексерістен өтіп, өндіріске жолданды.

Енді бұл дақылды аймақтың кез келген диқаны өз алқабында себе алады. Тұқымның жаңа сұрпын Шортанды ауданына қарасты Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымы Әділхан Бапкенов ойлап тапқан. Бұл орталықтың мамандары өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға атсалысып келеді.

Селекция саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар Әділхан Бапкенов өзінің төл туындыларын егістік алқаптарында көргенде қатты қуанатынын айтады. Мәселен, ғалымның осыған дейін жарық көрген «Астана», «Ақмола-2» «Шортандылық-95» атты бидай сұрыптары қазір 1 млн гектар алқапқа егіліп жатыр. Ал су жаңа «Асыл сапа» сұрпы қазірдің өзінде егіншілердің қызығушылығын танытып отырған көрінеді.

Әділхан Бапкенов, жұмсақ бидай селекциясы бөлімінің меңгерушісі:

- «Асыл сапа» деп аты айтып тұрғандай, бұл сұрыптың сапасы өте жоғары. Құрамындағы ақуыз, балауыз бәрі ұнның сапасын барынша арттыра алады. Біз мұны «жақсартқыш» деп те атаймыз. Себебі, мұны сапасы нашар ұндарға араластырса, олардың құнарлығын күшейтіп жібереді. 

Ғалымдардың айтуынша, дәстүрлі әдіспен бір жаңа сұрыпты шығару үшін 10 жылдан 15 жылға дейін уақыт кетеді. Ал соңғы жылдары қолданылып жүрген биотехнологиялық әдіс бойынша бұл мерзімді 2 есеге қысқартуға болады. Алдымен сұрып зертханалық жағдайда сыналады. Кейіннен сынақ алқаптарында жан-жақты тексерістен өтеді. Содан кейін барып өндіріске жолданады.  

«Асыл сапа» сұрпы әзірге биыл алғаш рет 15 мың гектар алқапқа себіліпті. Ал егіншілерге жаппай қолдануға рұқсат етілген сұрыптардың арасында тек қана бидай емес, майлы дақылдар да бар. Мәселен, майлылығы өте жоғары зығыр және күнбағыс сұрыпар.

Светлана Дашкевич, селекция және биохимия зертханасының меңгерушісі:

- Майлы дақылдардың ішіндегі ең жақсы сұрыптардың бірі – «Сочинский» атты күнбағыс тұқымы. Оның майлылығы 40-50%-ға жетеді. Ал ақуыз – 20%. Мұның барлығы өсімдік майының сапасына тікелей әсер етеді.  

Айта кетейік, аталған орталық осы уақытқа дейін дәнді-дақылдардың 130 түрін шығарып үлгеріпті. Одан бөлек олардың жасаған топырақты қорғау жүйесі елімізде ғана емес, Сібір, Поволжье, Украина және Солтүстік Кавказда кеңінен қолданылып келеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы