389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ОҚО-дағы консервілеу зауыты фермерлермен тиімді ынтымақтастық орнатты

  • 693
  • UPD: 10:07, 17.08.2017

Оңтүстік Қазақстан облысы шаруа кооперативтерін құру бойынша республикада көш бастап тұр. Қазір өңір шаруалары ет, жеміс-жидек, көкөніс пен балық өнімдеріне ден қойған.

Бұл зауыт тәулігіне алты мың құты консервіленген өнім шығаруға қауқарлы. Бірақ өздерінде көкөніс пен жемісті егуге мүмкіндік жоқ. Себебі жер тапшы. Зауыт басшылығы болса, өндірісті тоқтатпаудың айласын тауыпты. Олар маңайдағы шаруа қожалықтарымен байланыс орнатқан. Енді жұмыс өндірісте де, шаруаларда да қызып тұр.

Сарманбай Сафаров, зауыт директоры:

- Қазір кооперативтің жәрдемі көп болады деп ойлаймын. Себебі біз 20 шаруа қожалығымен келісім жасағанбыз. Оларды біз қаржыландырамыз. Олар бізге жеміс-жидектерді жеткізіп тұрады. Фермерлер үшін кооператив не үшін жақсы деп ойлаймын? Фермерлер ақшасын алады, тұқымын алады. Бізге тиімдісі бізді тұрақты өніммен қамтамасыз етіп тұрады.

Зауыт басшылығы диқандарға өнімдері үшін ақы төлеп ғана қоймай, келесі егін науқаны үшін тұқым түрлерін де береді. Бұл серіктестік екі жаққа да тиімді. Енді консервіленген өнім түрлерін шығаратын кәсіпорын жыл бойы жұмыс істемек.

Олжа Құрбанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Ауыл шаруашылығындағы кооперативтерге бірігудің артықшылықтарының бірі – жеңілдетілген несие. Ол 6 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Кейін сүт өндірісіне кооперативтеріне 10 теңге субсидияланады, мал бордақылауға 20 мың теңге беріледі мал басына. Жем өндіруге 20 мың теңге беріледі. Және кооперативтерге техникамен жабдық алуға 25 пайыздан 50 пайызға дейін жеңілдетілген субсидия қаралған.

Сайфулла Гултараев, кооператив жетекшісі:

- Біз өзіміз ойластырып, бәріміз малшылары бар, мал соятындары бар келісіп, осы жерге СПК ашып, мал соятын орындарды қарастырып, үкіметтен жер бөлінді. Енді ашылайын деп жатырмыз.

Биыл облысқа ауыл шаруашылығын несиелендіруге 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл ақша жергілікті кооперативтерді қолдауға да берілмек. Саладағы серіктестік оң нәтижесін көрсетіп келеді. Шаруалар да қазір жалғыз шаруа дөңгелетудің қиын екендігін мойындап отыр.

Авторлары: Мейрамгүл Құспан, Катерина Попкова, Ерболат Әбішев

Хабар 24 телеарнасы