385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты өнім сапасын «Еуро-4» және «Еуро-5» стандарттарына сәйкестендірді

  • 815
  • UPD: 12:43, 22.08.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекет қолдауымен өндірісін өркендеткен кәсіпорындардың жұмысы қазір қарқынды.

Солардың бірі Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жаңғырту кезеңінен сәтті өтіп, шығарылатын өнім сапасын «Еуро-4» және «Еуро-5» стандартына сәйкестендірді. Енді қара алтын өңдеуді 90%-ға дейін жеткізбек. Ал екіншісі – етті күркетауық өсіретін фабрика. Олар да жұмыртқаны өзімізде шығаруды қолға алмақ. 

Жаңадан жұмыртқа жарып шыққан күркетауықтың балапандары өскенде 12-18 келіге дейін ет береді. Шаруашылықтың бас мал дәрігері Мұхтар Ерімбетов «Күркетауықтың бабын табу қиын. Оларға қолайлы температура, қажетті жарық, құнарлы азық керек», – дейді. Күтімі жақсы құстың еті дәмді әрі жұмсақ болады екен. 

Мұхтар Ерімбетов, фабриканың мал дәрігері:

- Шыққан балапан бір күндігінен бастап өсіру аймағына жеткізіледі. Ол жақта 37 күн болады. Одан кейін құс бордақылау алаңына барады, әрі қарай 105-136 күнде жетіліп, сою аймағына жіберіледі.

Бұл еліміздегі Орталық Азия бойынша күркетауық етін өндіретін жалғыз фабрика. Заманауи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жылына 10 мың тоннаға дейін ет өндіріп, 40 түрлі өнім шығарады. Пайдасы мол құс етінің дәмін тек қазақстандықтар ғана емес, ресейліктер мен белорустар да татып отыр. Фабрика 7 жылдан бері жұмыртқаны Канададан тасымалдап жатыр. Болашақта аналық бас санын көбейтіп, жұмыртқаны өзімізде дайындамақ. Бұл өзіндік құнға да әсер етеді.

Мұрат Тағаев, құс фабрикасының бас директоры:

- Бұл өндіріске бүгін жаңа леп, үлкен инновациялық өзгеріс енгізеді. Себебі өндірістің көлемі ұлғайып қана қоймайды, ол жерде тағы да бірнеше жұмыс орны ашылады. Экспорттың әлеуеті артады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға да үлкен ықпал жасайды.

Кәсіпорын әрі ауылдардағы құс шаруашылығымен айналысамын деген шаруаларға да қолдау білдіруге дайын. Қожалықтарға балапан не жұмыртқа беріледі. Тиісінше олардан өнімді сатып алып, одан ет дайындайды. Бұл ауылдықтарға қосымша табыс көзі болмақ. Өңірде биылдың өзінде шетелдік және жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жалпы құны 37 млрд теңгеден асатын 17 жоба жүзеге аспақшы. Қазір оның үшеуі іске қосылған. Облыстағы өңдіріс орындары жыл басынан бері 250 млрд теңгенің өнімін өндірді. 

Хикмат Раймбеков, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының бөлім жетекшісі

- Өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері жоғары. Сондықтан біз бірінші кезекте инвесторлармен қатар отандық кәсіпкерлерге де көбірек қолдау көрсетіп отырмыз. Соның арқасында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,2%-ға өсім бар. Бұл алда одан да артады.

Өңірдегі кәсіпорындардың өнімдері бәсекеге қабілетті. Бұған дейін тамақ өнімдері алыс-жақын шетелдерден тасымалданса, енді бірқатар тауар экспортталып жатыр. Бұл кәсіпорындар мен фабрикалардағы заманауи қондырғылар мен жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жүзгеге асып келеді.

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі қарқынды жүріп жатыр. Осының арқасында отандық өнім «Еуро-4» және «Еуро-5» стандартына сәйкестендірілді. Енді қара алтын одан да терең өңделетін болады.  

Талғат Макуов, мұнай зауытының департамент басшысының орынбасары:

- Жұмыс аяқталған кезде зауыттың жанармай шығару жүйесі толықтай жаңғыртылады. Шығаратын өнімдеріміз халықаралық стандарттарға толық жауап беретін болады. Қазіргі таңда екінші кезең бойынша жүргізіліп жатқан құрылыстың 60%-ы бітті.

Өңірдің инвестициялық мүмкіндігін арттыру мақсатында қала мен аудандарда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 11 арнайы аймақ ашылған. Ол жерлерде 162 жоба жүзеге асыпты. Тиісінше өнім түрі де артқан.  

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы