386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда апатты жағдайдағы үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр

  • 576
  • UPD: 21:02, 27.08.2017

Қазір қалада тозығы жеткен 40 шақты үй бар. Өзекті мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында шешімін тауып отыр.

Мемлекет басшысы өз жолдауында бұл бағдарламаның аясын кеңейту кәсіпкерліктің дамуына даңғыл жол ашатынын атап көрсетті. Мәселен, өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектордың көмегімен 1300 балабақша ашылған.

Бұл Гагарин көшесіндегі әбден тозығы жеткен тұрғын үйдің бұрынғы көрінісі. Қабырғасы қаусап, шатырынан су ағып тұрған қос қабатты үй он екі отбасының ортақ қонысы болатын. Ыстық су атымен жоқ, коммуникациялық желілері жиі істен шығады. Биылғы көктемде тұрғындар мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясындағы бағдарламаға қатысуға бел буды. Көп кешікпей бұзылған ескі үйдің орны алып құрылыс алаңына айналды. Енді дәл осы жерден 9 қабатты 126 пәтерлік үй бой көтермекші. Жергілікті құрылыс кәсіпорны нысанды келер жылдың алғашқы жартысында тапсыруды жоспарлап отыр. 

Асхат Шадияров, Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Жаңағы 41 үй апатты. Тұрғындармен тағы да кездесу жұмыстары жүргізілуде, осы бағдарлама апатты үйдің мәселесін шешудің бірден-бір жолы сияқты. Осы бағдарламаға қатысу үшін тұрғындардың 100 пайыз келісімі керек болады. Қазіргі таңда 6 үй бұзылып, орнына құрылыс жұмыстары жүрігізлуде.

«Мемлекеттік пен жекеменшік әріптестігі аясындағы жоба мәселені шешудің ең тиімді жолы», – дейді мамандар. Бүгінгі таңда қала бойынша 200-ден астам ескі және 41 апатты тұрғын үй бар. Жоба аясында құрылыс компаниясы, тұрғындар және жергілікті атқарушы органмен арада үш жақты келісімшарт жасалады.  

Замир Ихсанов, құрылыс компаниясының директоры:

Жаңадан салынатын үйлерге коммуналдық желілер тартып, айналасын абаттандырумен әкімдік айналысады. Ал біз барлық талаптарға сай келетін үйді өз қаржымызға салып береміз. Бағдарламаның қос тарапқа да тиімді тұстары көп. Біріншіден, әбден тозығы жеткен ескі үйлерден құтыламыз және ондай нысан баршылық. Екіншіден, тұрғындар жаңа үйлерге қоныстанады, үшіншіден, қала келбеті жақсара түседі. 

Қазіргі таңда қалада апатты деп танылған 6 үй бұзылып, орнына жаңа баспана салынып жатыр. Бағдарламаның көмегімен өңірдегі тұрғын үй құрылыс комбинаттары да толық қуатына кіріседі. Бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделген.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы