386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Спасск мұнарасы» халықаралық фестивалінде «Айбын» полкі өнерін көрсетті

  • 583
  • UPD: 23:29, 27.08.2017

Мәскеуде «Спасск мұнарасы» халықаралық фестивалі оныншы рет ашылды. Бұл түрлі-түсті инсталяция және көздің жауын алар отшашуымен театрландырылған оркестр шоуы.

Жыл сайын Қызыл алаңда өтетін фестивальда мың жарымға жуық жергілікті және шетелдік әскери ұжымдар өнер көрсетеді. Биылғы шараға 15 елдің өкілі келген. Дүниежүзінен жиылған ең үздік деген ұжымдардың қатарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауыл ротасы мен Президенттік оркестрі өнер көрсетті.

Биылғы жылы Президент оркестрі мен Президенттің құрметті қарауыл ротасы «Айбын» полкі ерекше ұлттық бағдарлама әзірлеген. Олар Мәскеудің қақ ортасында «Сүгірдің термесін» орындап, «Ұлы дала» күйін күмбірлетті. Қазақстандық ұжым бұл фестивальға сегізінші рет қатысып отыр.

Талғат Бердіқұлов, Президент оркестрінің жетекшісі:

Егер «Спасск мұнарасына» Қазақстан қатыспаса, онда фестиваль қызықсыз өтеді. Барлығы осындай пікірде. Өйткені біз осы фестивальға алғаш келгеннен бастап көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, баурап алдық. Олар біздің өнер көрсеткенімізді асыға күтеді. Бұл тек біздің ұжымның ғана емес, қазақ халқының бейнесі. 

Көрермендер фестивалдың он жылдығына Қазақстанның арнайы жаздырып әкелген әні мен өзге де шығармаларын жылы қабылдады.

Сергей Хлебников, Мәскеу Кремлінің коменданты, генерал-лейтенант:

– Олар сахнаның көрігін қыздырып, ұлттық мәдениеті мен болмысын көрсетеді. Ал оркестерге келсек, әңгіме бөлек. Таланты тасыған Талғат Бердіғұловты тек Ресей емес, Еуропа халықтары да сүйіп тыңдайды. Биылғы орындаған әні бірден біздің жүрегімізге жол тапты. Енді бұл әнді қайталап тыңдай бергім келеді.

Фестивальдің он жылдығына арналған кеште еске алу шарасы да өтті. Өйткені осы шараның музыкалық жетекшісі генерал-лейтенант Валерий Халилов өткен жылдың желтоқсанында әуе апатынан қаза тапқан еді. Әріптестері оны еске алып, марқұмның әндерін орындады. Кейбірі өзінің жүрек жарды туындыларын арнады. Солардың бірі фестивальдің мәңгілік тұмарына айналған әнші Мирей Матьё.

Жиылған жұрттың жылы лебізімен қанаттанған өнерпаздар әлі де Мәскеу аспанын әнге бөлей бермек. Көрермені баураған фестиваль Қызыл алаңда 10 күн бойына жалғасады.

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы