384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Есіл өзенінде балықты құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр

  • 970
  • UPD: 11:52, 29.08.2017

Көктемде су жүрген кезде тоғандарды толтырған балықтар қырылып қалуы мүмкін. Есіл өзенінің Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы су айдындар күзге таман саяздай бастайды. «Терең дегендерінің өзі қыста қатып қалады», - дейді мамандар. Табиғат қорғаушылары қазір балықтарды аулап, өзенге жіберіп жатыр.

Көктемде тасыған Есіл өзенінің төңірегі қазір тоғандарға толы. Енді су айдындары таязданып, оларды шүйгін шөп басқан. Бұл жағдай балықтарға да қауіп төндіріп тұр. Сондықтан табиғат қорғаушылары тор тартып, су маржандарын ұстап жатыр.

Григорий Петрушевский, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Міне, шортан, шабақ, алабұға, көксерке балықтары. Бұл тоғанды шөп басып, қыста қатып қалса қырылып қалады. Осы маңда осындай 20 – 30 су айдыны бар.

Көлшіктер күннен күнге кішірейіп, су астындағы тіршілік нәрі азайған. Тоғандардағы балықтардың барлығының торға түсуі мүмкін емес, түскендері де өзенге жіберіледі. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бүгін балық адамның емес, адам оның арманын орындады. Табиғат жанашырлары тоғандарда тынысы тарыққан су маржандарын ұстап, қайтадан Есіл өзеніне жіберді.

Марат Есімсейітов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Есіл өзені – көктемгі тасқыннан тоғандарды толтырған балықтардың туған мекені. Сондықтан олардың ортаға оралғаны дұрыс. Күніне өзенге 300 келіге дейін балық жібереміз.

Құтқару жұмысы мұз қатқанша жалғаспақ. Жалпы көктемгі су тасқыны Есіл өзеніндегі балық санының артуына сеп болыпты. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы