387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрлан Ермекбаев журналистерді тексерілген шынайы ақпаратқа ғана сенуге шақырды

  • 507
  • UPD: 16:12, 29.08.2017
Нұрлан Ермекбаев журналистерді тексерілген шынайы ақпаратқа ғана сенуге шақырды

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев нашид (діни әуендер) тыңдаған Алматы қаласының тұрғынына қатысты қойылған сұраққа жауап берді.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында бір азаматты діни әуендер естігені үшін жауапкершілікке тартып жатыр деген хабар пайда болды. Бірақ бұл журналистер мен адвокаттар тарапынан жасалып отырған айла-тәсіл. Қазіргі уақытта осы мәселе бойынша процесс жүріп жатыр. Шынымен де, бір азамат тұтқындалды. Оған қатысты әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеті үшін арнайы бап негізінде айып тағылып, және терроризмді насихаттайтын материалдарды таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды», - деп түсіндірді ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте Нұрлан Ермекбаев. 

Сонымен қатар министр болып жатқан сот талқылауының жай-жапсарын білмейтінін мәлімдеп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін мұндай ақпаратқа сыни тұрғыдан қарауға шақырды.

«Мен сот процесі жүріп жатқандықтан, аталған оқиқаға байланысты әзірге басқа да түсініктемелер бере алмаймын. Бірақ жалпы айтарым, әртүрлі ақпарат құралдарында шығып жатқан жарияналымдарға барынша сыни тұрғыдан қарау керек. Көбінесе ақпаратта шын мәнінде не болғаны баяндалмай,  бұрмаланып беріледі. Сондықтан уәкілетті органдардың ресми хабарламаларына жүгінген жөн», - деп өз ойын білдірді министр Нұрлан Ермекбаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұрындары бұқаралық ақпарат құралдарында «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде араб тілінде  «нашид» (діни әуендер) тыңдаған Алматы қаласының тұрғынына қатысты сот отырысы басталғаны туралы хабар тараған еді.

Хабар 24 телеарнасы