386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақфильм» Қазыбек бидің 350 жылдығына орай деректі фильм түсіріп жатыр

  • 667
  • UPD: 12:12, 31.08.2017
«Қазақфильм» Қазыбек бидің 350 жылдығына орай деректі фильм түсіріп жатыр

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қазақтың ұлы биі, қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректі фильмнің түсіру жұмыстарын бастады.

Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орайластырылған.

Фильмнің сценарий авторлары әрі режиссерлері драматург, режиссер Ғазиз Насыров пен әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай. Авторлар бұған дейін шығармашылық бірлестікте «Мәди Бәпиұлы» және «Тәттімбет Қазанғапұлы» атты деректі фильмдерді түсірген.

«Əуелі Қарағанды облысын көктей өтіп, сонан соң Павлодар облысына шықтық. Бұл өлкелерде Қазыбек би бабамыздың табанының ізі қалған. Қал-қадірімізше таспаға түсірдік. Сонан соң Астана асып, Қаз дауысты Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеген ғалымдармен сұхбаттастық. Ұлы биден қалған жалғыз жәдігер алтын зерлі шапанды таспаладық. Қайта айналып Қарқаралыдағы Егіндібұлаққа келдік. Мұнда түсірілім жұмыстарын жалғастырдық. Мұнан соң Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық тойына қатыстық», деді сценарий авторы әрі фильм режиссерлерінің бірі Ерлан Төлеутай.

Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдыға арналған бұл деректі фильмде сахналық қойылымдар болады. Қазыбек биді танымал театр және кино актері Қайрат Кемалов сомдайды. Сондай-ақ фильмге белгілі қоғам қайраткері, антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, суретші Кəріпбек Күйіков қатысады. Фильмнің премьерасы қыркүйек айында, Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған Халықаралық ғылыми-танымдық конференцияда өтеді деп жоспарлануда.

Хабар 24 телеарнасы