384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертең қасиетті Құрбан айт мейрамы басталады

  • 765
  • UPD: 18:00, 31.08.2017

Ертең зүлхиджа айының оныншы жұлдызында қасиетті Құрбан айт мейрамы басталады.

Осы айдың бастапқы он күні берекелі күндер санатында. «Әсіресе Арапа күнінің қасиеті ерекше. Алла тағала құлының құлшылығын қабыл етіп, тілектерін кері қайтармайды», - дейді имамдар.

Арапа араб тіліндегі «білу», «түсіну» деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Күннің бұлайша аталуының себебі, зүлхиджа айының сегізі күні Ибраһим Пайғамбар баласы Исмайылды құрбандыққа шалып жатқаны жайлы түс көреді. Жалпы Арапа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі – сауапты іс.

Наурызбай қажы Тағанұлы найб-муфти, Астана қаласының бас имамы:

Бисмилляхи Рахмани Рахим! Аллаға мақтаулар, пайғамбарға Алланың салауаты мен сәлемі болсын. Бүгін, міне, Арапа күні қасиетті күн болып есептеледі. Өйткені пайғамбарымыз бір хадисінде кімде-кім Алла разылығы үшін бір күн ораза ұстаса, Алла тағала өткен жылғы және келер жылғы біржылдық күнәларына кешірілуіне кафарат болсын үміт етем деген екен. Сондықтан да қажыға бармаған кісілер өз елдерінде оразасын ұстап, құлшылық етіп, келесі күнгі айтқа дайындалады.

«Хаж» сүресінің 34-аятында: «Біз барлық үмбеттеріміз үшін өздеріне берген малдан Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені тәңірлерің бір-ақ тәңір. Сондықтан оған ғана бойсұныңдар» деп айтылған.

Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с.) жалғасып келе жатқан сүннет. Демек зекет беруге мүмкіндігі бар мұсылманға шамасына қарай мал шалу – міндет. Ал сойылған құрбандық үшке бөлінеді: біріншісі жетім-жесірге таратылады, екінші бөлігі туыс-туғанға, үшінші бөлігін өз отбасына қалдырады.

Наурызбай қажы Тағанұлы найб-муфти, Астана қаласының бас имамы:

– Бұл күні мұсылман адам қуанышты болып жүруі керек, көңілді болып жүруі керек. Бір-бірін айтпен құттықтауы керек, барынша жақсы істер істеуі керек. Ал пайғамбарымыз «бірінші істейтін ісіміз намаз оқу, яғни Құрбан айт намазын оқу, одан кейін құрбандық шалу» дейді. Құрбандық төрт түлік малдан шалынады. Ол түйе, ірі қара, қой, ешкі.

Астана қаласында құрбандық шалуға арнайы он орын белгіленген. Бірі Алаш тас жолы бойындағы, «Көк базар» жақта. «Метро» сауда үйінің маңында, Шәушек, Темеш шаруа қожалықтарында, «Ұлжан», «Алтын таға» базарларында, «Сапа су», «Мақсат» жауапкершілігі шектелген серіктестіктерде мал соятын орындар сайланған. Ал базарлар қасиетті мерекеге сақадай-сай тұр. Бұрын ешкі, ірі қара тапшы секілденетін. Қазір осы бір олқылықтың да орны толған секілді. Мүфтият биылғы тоқтылар құрбандыққа жарамайтынын мәлімдепті. Сауда орталықтарында союға жарайтын мал қарасы жеткілікті.

Шымкентбай Құрманәлі, сатушы:

– Біз осы айтқа дайындалып, малдарды іріктеп алып келдік. Алла бұйыртса, ертеңнен бастап сатылады, қазірде сатылып жатыр. Ертеңнен бастап Алла ризалығы үшін сатамыз.

Астана Арапа күніне де ерекше мән берген секілді. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысынан келген өнерпаздар «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығына келген жұртқа әннен шашу шашты. Сарқыт таратылып, тұрғындардың көңіл-күйін көтеруге өзінше қызмет етті.

Авторлары: Амангелді Сейтханов, Асқат Қарақойшиев 

Хабар 24 телеарнасы