375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаңа жылдан бастап базалық зейнетақы көлемі ұлғаяды

  • 1179

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздегі 2 млн-нан астам қарт пен қарияның зейнетақысы 20%-ға өсті.

Бұл – мемлекеттік әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы маңызды қадам. Батыс Қазақстанда бұл саладағы тың өзгерістер оң нәтиже көрсете бастады.

Ақкенже Құрмашеваның мамандығы – математика пәнінің мұғалімі. Ұзақ жыл педагогика саласында еңбек етіп, кейін аудандық кеңестің депутаты болды. Облыстық деңгейдегі жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды. 1994 жылдан зейнетке шықты. «Осы жиырма жылдан астам уақытта зейнетақы жүйесіндегі барлық өзгерістерге куәмін. Саладағы соңғы жаңалықтарға көңіліміз толады», дейді зейнеткер.

Ақкенже Құрмашева, зейнеткер:

- 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға өсті. Әуелі 9%, сосын 11%, өсіп жатыр әйтеуір. Енді біздер еңбек еткен адамдармыз ғоай, соғыстан кейінгі балалармыз. Әйтеуір еңбек етпей жүрген күніміз жоқ.

Жүйедегі тағы бір жаңалық базалық зейнетақы тағайындау келер жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге аспақ. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Нәтижесінде 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшері биылғы көлеммен салыстырғанда 1,8 есеге артады.

Динара Хайретдинова, «Әлеуметтік төлемдерді ведомоствоаралық есептеу орталығы» департаментінің бөлім жетекшісі:

- Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2017 жылдың 1 қаңтарында 28 148 теңге – ең төменгі зейнетақы жасына байланысты төлем, ал базалық зейнетақы төлемі 12 802 теңге болды. Бұл екі соманы қосқанда қазіргі таңда 45 711 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы тағайындау үшін есепке алынатын ең жоғары табыс мөлшері 46 айлық есептік көрсеткішін құрап отыр.

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап дүниеге келген сәбиге берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсті. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл да халықтың көңілінен шыққан, демографиялық дүмпуге жол ашатын нақты қадам. Жаңа жылдан бастап базалық зейнетақы көлемі ұлғаяды. Мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін өсіру міндеті тұр. «Бұл ретте жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы жаңа заңынан күтеріміз көп», дейді мамандар.

Раушан Саттықова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

- Осы заңды енгізуде облысымызда әзірлік ретінде 2015 жылдан бастап «Өрлеу» жобасы іске асырылуда. «Өрлеу» жобасына бүгінгі күні 537 отбасы, 2 623 адам әлеуметтік келісімшартпен қамтылған. Қазіргі уақытта барлық аудандарға мобильдік топтар шығып, осы заңды түсіндіру бағытында түсінік жұмыстары жүргізілуде.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы