387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғандағы емханада медиктердің еңбек тиімділігін бағалайтын жүйе енгізіледі

  • 779
  • UPD: 08:16, 04.09.2017

Шілденің бірінен бастап, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұл тегін көмекті мемлекеттік мекемемен қатар жекеменшік клиника да көрсетуге тиісті деген сөз. Қазір Алматы облысында 800-ден астам медициналық мекеме болса, олардың төрттен бір бөлігі жекеменшік негізде жұмыс істейді.

Талдықорғандағы №1-емхананың тіркеу бөлімінде адам нөпірі қалың емес. Қабылдауға келгендердің кейбірі салауатты өмір салты жайындағы жадынамаларды оқып отырса, кезегі жақындағандар дәрігердің кабинетіне бет алған. Қабылдау уақыты олардың бәріне мәлім, өйткені электронды құжаттама арқылы алдын ала жазылуға мүмкіндік мол.

Римма Жұмабаева, қала тұрғыны:

- Мен Үкіметтің сайтына кіремін де өзіме қажетті дәрігердің кезегіне жазыламын. Ол маған өте ыңғайлы.

Ләйлә Төлеуханова, емхана меңгерушісі:

- Біз мобильдік топтар құрғанбыз. Олар міндетті медициналық сақтандыру туралы түсіндіреді. Бүгінгі күнде біздің спикерлер кәсіпорындарға барып, әңгімелер өткізуде.

Медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін облыс орталығында қалалық емхана филиалдарының желісі құрылған.  Мемлекеттік тапсырыс бойынша өзінің қызметін Талдықорғандағы жекеменшік медициналық орталық та көрсетіп келеді. Былтыр оның 25 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мұндағы емхана 5 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Клиника көптен бері жүрек, бүйрек және қант диабеті ауруларын емдеуді тәжірибеге ендірген. Мұнда заманауи жабдықтар жеткілікті.

Владимир Крайсман, жекеменшік клиника меңгерушісі:

- Мемлекеттік не жекеменшік мекеме болсын, медицина саласындағы әрбір маман адам денсаулығы үшін қолдан келген көмегін көрсетуге дайын.  Адамдар мұны қазір жақсы түсінеді. Біздің ортақ мақсатымыз - көп іздену және халықаралық стандарттарға сай болып, адал қызмет ету.

Мемлекеттік тапсырыстарды орындайтын мұндай жекеменшік клиникалар әзірге Жетісу өңірінде 30-дан сәл ғана асады. Медицина саласындағы бәсекелестікті арттыру үшін аймақта алдағы уақытқа арналған бағдарлама жасалған. Бірінші кезекте дәрігерлерді шет елдерде оқыту міндеті тұр.  Биыл 20-дан астам дәрігер-неонатолог Израильге барып, білім жетілдіру курстарынан өтеді. Тағы бір жаңалық: келесі жылы Ки-Пи-Ай (KPI) деп аталатын жаңа жүйе енгізіледі. Бұл мекеме басшыларының қызметін рейтингтік бағалауға арналған.

Асхан Байдувалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Үш жылдың ішінде егер мекеменің басшысы өзінің қызметін сапалы көрсетсе, мекеменің көрсеткіштері халыққа жақсы негізде әсер тигізсе, Меніңше, ол мекеменің басшыларын біз ары қарай контракттарын жалғауға болады. Сонымен бірге оларды жоғарылатуға да болады.

Облыста медицина саласына бөлінетін қаражат жыл сайын артып келеді. Нәтижесінде заманауи құрал-жабдықтар алынып, көптеген ауру түрлері бойынша күрделі операцияларды өңірдің өзінде жасауға мүмкіндіктер туып отыр.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы