ЕХРО көрмесінде Польшаның ұлттық күні тойланып жатыр

Польша «жасыл» технологияны меңгерген, озық мемлекеттердің қатарында. Осы елдің Лодзь қаласы – «ЕХРО-2022» көрмесін өткізуге үміткер. Бүгін бұл ел ЕХРО қалашығында ұлттық күнін атап өтіп жатыр.

3 ай бойы келушілер поляк павильонындағы «Болашақ энергиясына» қатысты экспозиция мен жобаларды қызыға тамашалады.

Қоршаған ортаны қорғай отырып, баламалы қуат көзін алайық. Астанада ЕХРО көрмесіне қатысып жатқан Польша мемлекеті осы бағытты қолдайды. «Креативті адамдар – ақылды энергия» деген қағидасы да бар. Павильонын «Табиғат айналысы» деп атаған.

Табиғат байлығын ақылмен пайдалану поляк экономикасының негізін құрайды. Поляктар көмірді газдандырудың заманауи әдісін, яғни көгілдір көмірді, жарық сіңіретін инновациялық материалдарды, поляк ормандарының биологиялық әралуандығы мен ағаш өсіру технологиясын ұсынады.

Польша ғалымдары көгілдір көмір зияны, оның жай көмірге қарағанда әлдеқайда аз екенін айтады. Польша павильонында үш негізгі тақырып байланыстырылған: ревитализация, ағаш өсіру және таза көміртекті технолгиялар.

Польша жерінде өте көп көмір қоры болғандықтан, бұл жерде шахта үлгісінде жасалған бөлік бар. Қабырғадағы экраннан Уть қаласында орналасқан шахта тұр. 1928-жылдан бері жұмыс істемейтін кен орны бұзылмай сақталып қалған.

Польша павильонының екінші бөлігіне кірген бетте өзіңізді ну орманда жүргендей сезінесіз. Бұл елде жылына 500 млн түп көшет отырғызылады. Аумағы 76 млн. гектар жерді алып жатқан орман мемлекет қорғауында. Орманның 62% қарағай ағашынан тұратын көрінеді. Сонымен қатар емен мен ақ қайың да бұл елде көп кездесетін ағаштардың бірі. Павильондағы «орманды» аралап жүріп, сан алуан аңдар туралы мәлімет қана алып қоймай, түрлі дыбыстарды да ести аласыз. Көмірқышқыл газын сіңіретін ағаштардың сан түрі бар. Келушілер қараңғы шахтадан кіріп, құстар мен жасыл желектерге толы орманнан шыға алады. Мұндағы тетіктерді басып, өсімдіктердің иісін сезіп, жан-жануарлардың дыбыстарын естуге мүмкіндік жасалған. Міне көрменің сан алуандығы осындай. 

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова