EXPO 2017 көрмесі аясында Қарағанды облысының мәдени күндері өтіп жатыр

EXPO 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтіп жатқан Қарағанды облысының күндері мәдени шараларға толы болды.

Соларың бірі қалашық аумағындағы Амфитеатр алаңында қойылған концерт. Қарағанды өңірінің өнерпаздары көрме қонақтарын Сарыарқа даласының төл мәдениетімен тәнті етті.

Күздің шуақты күндерімен жарыса жеткен самалға қарамастан, Амфитеатр алаңына 10 мыңнан астам адам жиналды. Мерекелік концертте Қарағанды өңірінің тарихын баяндайтын бейнероликтер көрсетіліп, театрландырылған шағын көріністер қойылды. Ал дәстүрлі және классикалық әншілер, би ұжымдары мен қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары сахна көрігін қыздырды. Олар Астанаға EXPO көрмесіне арнайы жазылған жаңа ән тарту етті.

Болат Құсайынов, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бүкіл әлемнен қаншама ұлттар келіп жатыр. Той тойға ұласа берсін, осындай жақсылықта аспанымыз ашық болсын! Осындай мерекелер көп болсын! Тек қана жақсылықта, қуанышта, бейбітшілікте кездесе берейік!

Гала-концертке Қарағанды облысының делегациясымен қатар, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «EXPO 2017 Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов пен елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер қатысты. Қазақтың заманауи әуендеріне делебесі қозған көрермендер концертті аяғына дейін би алаңынан тамашалады.

Ләззат Қали, көрермен:

- Қазақстан Республикасы өзінің үлкен жетістікке жеткенін көрсетті, дәлелдеді. Барлық қарапайым халықтарға да ұнап жатыр. Көптеген павильондарда болдым, барлығы ұнады десем болады. Бұхар жырау ауданы, Ақтөбе ауылынан жас маман ретінде келіп отырмын. Ұжыммен EXPO-ға арнайы келдік.

Сарыарқаның төл өнерін әкелген қарағандылықтар елорда тұрғындары мен қонақтарына EXPO 2017 көрмесіне арналған гала-концерттің ұнағанына көз жеткізді.

Айта кетейік, EXPO 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы Қарағанды өңірінің күндері 9 қыркүйекке дейін жалғасады.