378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодардағы көлік құрастыру зауыты заманауи сандық технологияға қол жеткізді

  • 1089
  • UPD: 14:15, 08.09.2017

Павлодардың көлік құрастыру зауытында инвестициялық жобалар табысты жүзеге асып жатыр.

Осы жылға жоспарланған 80 миллион теңге толығымен игерілген. Кәсіпорын жаңа дәнекерлеу құрылғыларын, металл өңдейтін станоктармен қатар аса күрделі сызбаларды дәлдікпен орындайтын заманауи сандық технологияға қол жеткізді.

Плазмалық кесу өндірістің көп салаларында қолданылатын тиімді процесс. Қара және түсті металды кесуде жоғары өнімділігімен, дәлдігімен және сапалылығымен ерекшеленеді. Заманауи кешенге кәсіпорын инвестициялық бағдарламалар аясында қол жеткізген. Жаңа қондырғы болат, тот баспайтын құрыш және алюминийді кесуге арналған. Оның бағасы 80 мың АҚШ доллары тұрады.

Николай Зинченко, зауыттың дайындау цехының жетекшісі:

– Бұл кешеннің артықшылығы өте көп. Ең алдымен өнімділікті арттырып, жұмысты жеңілдетеді. Кесу барысын бір адам ғана қадағалап отырады. Компьютерлік бағдарламаның арқасында жұмысшыға салмақ түспейді.

Цехта темірден түрлі кескіндемелер қиылады. Оның бәрі үлкен жүк крандарынының құрылысына қажетті бөлшектер. Зауыт 140 тонна салмаққа дейінгі жүк көтеру машиналарын жасауға маманданған. Қазақстанда баламасы жоқ өндіріс. Инвестициялық бағдарламалар кәсіпорынның қуаттылығын арттыра түскен.

Владимир Нечитайло, зауыт директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

– 2017 жылға арналған инвестиция көлемі толық игерілді. Оның ауқымы 80 миллион теңгені құраған. 2018 жылға да жоспар құрып отырмыз. Тағы да бірқатар заманауи қондырғылар алынады. Осылайша кәсіпорынның әлеуетін арттыра береміз.

Ағымдағы жылы кәсіпорын 5 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18-20 пайызға артық. Бұрын орташа салмақтағы жүк көтергіш кранды жасауға шамамен 3-4 ай кететін. Енді оның мерзімі едәуір қысқарады.

Владимир Нечитайло, зауыт директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

Мынау жартылай дайын болған кран. Ол 20 тонналық салмақтағы жүкті көтереді. Металлургиялық кран балқытылған металды тасымалдауға арналған.

Зауыттың жұмысы көп жағдайда тапсырыстық бағытқа құрылған. Сондықтан өнімдері қайталанбайды. Қазір мұнда тың жоба жетілдіріліп жатыр. Биіктігі 30 метр, салмағы 800 тонна, ұзындығы 100 метр болатын алып кранға көмірмен жұмыс істейтін ресейлік жылу электр станцияларының бірінен тапсырыс түсіпті.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы