380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Орал тұрғындары қала күні мерекесін тойлап жатыр

  • 2077
  • UPD: 13:45, 09.09.2017

Ақжайық атырабындағы ажарлы һәм базарлы шаһар Оралдың тұрғындары қала күні мерекесін тойлап жатыр.

Еліміздің батыс қақпасы саналатын Еуропа мен Азия құрылғын қақ бөлген аумақта орын тепкен көне Орал жыл санап жаңарып, жасарып келеді. Тарихы сонау Алтын Орда кезеңінен бастау алатын шаһар – бүгінде 300 мыңдай тұрғынның құтты қонысы. Соңғы онжылдықта қала аумағы бірнеше есеге ұлғайып, сәулеті келісті ғимараттар бой көтерді. Жаңа алаңдар мен мәдениет ошақтары, спорт кешендері салынды. Өзге де жетістіктер жеткілікті.

Археолог ғалымдар көне шаһардың түп-тарихын сонау Алтын Орда кезеңімен байланыстыратыны рас. Сондықтан болар, мереке қарсаңында 14-ғасырға тән болып келетін Жайық қалашығының келешектегі кескіні жұртшылыққа таныстырылды. Ғалымдардың пайымынша, шаһар тарихы бастау алатын жер болашақта аспан асты мұражайына айналуы тиіс. Ал қала күніне арналған мерекелік шаралар шымылдығы «Жайық сазы» атты фестивальмен түрілді. Жайық өзенінің жағасында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, өңірдегі өнер ұжымдары ән мен жырдан шашу шашты. Ақжайық аспанын күй күмбірі кернеп, дәстүрлі әншілер шырқаған әсем әндер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Орталық стадионда эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концерттің жас пен кәріге бірдей тамаша көңіл-күй сыйлағаны рас. Театрландырылған көріністер соңы отшашулармен қорытындыланды.

Мереке қарсаңында қоныс тойын тойлаған тұрғындар аз болмады. Мемлекет пен жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында салынған алғашқы үйге 90 отбасы қоныстанатын болады. Сонымен қатар Зачаган шағынауданында құрылысы аяқталған көпқабатты үй де қала күні мерекесі қарсаңында өз иелеріне есігін айқара ашты. Баспаналы болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Мерекелік шаралар аясында «Домбыра пати», «Көңілді тапқырлар клубы» секілді мәдени-көпшілік және спорттық шаралар, арзан өнімдер жәрмеңкесі, сонымен қатар «Өз ісінің кәсіби шебері», «Жасыл қала – таза қала» секілді байқаулар ұйымдастырылды. Дәл қазір қаланың ескі арбат аталатын бөлігінде қала мектептерінің күшімен шеберлер көрмесі өтіп жатыр. Мінекей, сан түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ мекені, құтты қонысына айналған көне де жас Орал шаһары өзінің туған күнін осындай шаралармен айшықтап жатыр. 

Авторы: Талғат Серікқалиұлы

Хабар 24 телеарнасы