389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Стаффан Де Мистура Астана процесі жалғасын табатынына сенім білдірді

  • 503
  • UPD: 15:56, 15.09.2017

БҰҰ бас хатшысының Сирия мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Стаффан Де Мистура Астана процесі жалғасын табатынына сенім білдірді.

Бұл туралы бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек Тұматов өз сөзінде Астана процесінің ендігі кезеңдері Сириядағы зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталатынын айтты. Айта кетейік, кешелі бері бұл маңызды процестің 6-шы кезеңі өтіп жатыр. Сәлден соң Таяу Шығыс еліндегі билік пен оппозиция және кепілгер мемлекет өкілдері жалпы отырыста бас қосып, бірлескен мәлімдеме жасайды. Естеріңізде болса, бұған дейін өткен Астана процесінің 5-кезеңі арқылы Сириядағы 3 деэскалация аймағын құру жөнінде мәміле күшіне енген болатын. Алдымен шекара жайы нақтыланып, кейін кепілгер мемлекеттер тарапынан тиісті көмек жіберілді. Енді ондағы төртінші аймақта, яғни Идлиб қаласына тыныштық орнату бастамасы бүгінгі күн тәртібінде тұр.

Айдарбек Тұматов, ҚР Сыртқы істер министрлігі департаментінің директоры:

– Кеше еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ және кепілгер мемлекеттер өкілдерімен кездесті. Олар Астана процесінің тиімді тұстарына кеңірек тоқталып, маңызды жиындарды алдағы уақытта да өткізу қажеттігін айтты. Ал Де Мистура мырза бұл басқосулар арқылы Женева келіссөздеріне өлшеусіз үлес қосылып жатқанын айрықша атап өтті. Өйткені Астанада қауіпсіз аймақтарды құру мен онда тыныштық орнатуға бағытталған өзекті мәселелер шешімін тауып келеді.

Хабар 24 телеарнасы