388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы Түлкі өзенін тазартуға 700 млн теңге бөлінген

  • 883
  • UPD: 20:09, 15.09.2017

Ертістің сағасы Түлкі өзені тазартылып жатыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын павлодарлық мәслихат депутаттары мен халық өзенге экологиялық қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қаққан еді.

Жұмыс жүріп жатқан аумаққа жету үшін бірнеше су көлігін ауыстыруға тура келеді. Алдымен теплоходпен жиырма шақырым жүріп барып, қайыққа ауыстық.

Бұл Ертістің сағасы Түлкі өзені. Ұзақ жылдар бойы мұнда тазарту жұмыстары жүргізілмеген. Соның салдарынан өзеннің жағасын қураған ағаш басып кеткен. Ал өзен түбі балдырмен, батпақпен ластанған. Тазарту жұмыстары басталған аз мерзімде өзен түбінен 200 мың текше метр болатын қоқыс алынған. Мамандар бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 700 млн теңге бөлінгенін айтады.

Ақтоғай ауданының бірнеше елді мекені осы өзенді жағалай қоныстанған. Соңғы уақытта суармалы егіс алқаптарының көлемі артты. Көптеген шаруашылықтар тіршілік нәрін пайдалана алмай келеді. Тазарту жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен техниканың жолын бөгейтін ағаштар алынып, өзен жағасы кеңейтіледі. Содан соң басты саты су түбін қайраңнан тазарту мен тереңдету жүргізіледі.

Төлеген Күлжанов, «Өзен порты» АҚ төрағасының орынбасары:

- Қазір заманға сай барлық техникамыз бар. Бізде 25-30 адам жұмыс істейді. Тазалау жұмыстары өзінің кестесіне сай жүріп жатыр.

Су түбіндегі қоқыстарды жағаға шығаратын құрылғы қоршаған ортаға зиянын келтірмейтіндігімен құнды. Қырық шақырымға созылып жатқан өзеннің қазір 14 шақырымы тазартылып, түбі 3,5 метрге дейін тереңдетілді.

Дияр Қайырденов, Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім жетекшісі:

- Бұл жерде земснаряд пен жүзгіш кран жұмыс істеп тұр. Өте көп адам жұмылдырылған. Өзеннің қалпына келе бастағанын аңғару қиын емес. Тазартылған жерлерде жергілікті тұрғындар балық аулауға шығады. Бұрын мұнда ешкім келмейтін.

Мердігерлер «жұмысты 2018 жылы толық аяқтаймыз», – деп отыр. Бұл жобаның экологиялық қана емес, әлеуметтік маңызы да ерекше. Өзеннен шығарылған ағаштар отын ретінде жақын маңдағы ауыл халқына үлестіріледі. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы