389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


М.Әуезовтың мерейтойы Бішкекте атап өтілді

  • 1506
  • UPD: 22:23, 17.09.2017

Жазушы мұрасы – ұрпаққа қазына. Бішкекте Қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдық мерейтойы тойланды. Ұлттық ғылым Академиясында әдебиет қайраткерлері бас қосып, Әуезов шығармашылығын тілге тиек етті.

Мұхтар Әуезов шығармалары бүгінге дейін өз өміршеңдігін жойған емес. Аз ғана ғұмырында ғасырға азық болар мұра қалдырды. Шығармашылық жолында өз заманында талай кедергілерге тап болған жазушының тағдырымен  Қырғыз ғалымдары етене таныс. Көбі қазақ классигінің әдеби мұрасын зерттеп, көпке үлгі етіп жүр. 

Мұрат Жұматаев, Қырғызстан ғылым академиясы президентінің орынбасары:

- Жазушы 1930 жылы «Манас» эпосын зерттеп, қырғыз ағайынның «алақандай намысын алып беруге» атсалысқаны үшін екі жарым жылға сотталып кеткен. Бауырлас елдің ұлттық мұрасын, өз мүддесінен жоғары қоя білген Мұхтар Омарханұлының әдебиет жолындағы ерен еңбегі еш ұмытылмайды. Себебі сол жылдары «Манас» тағдыры тәлкекке ұшырап, содан айырылып қалу қаупі туған еді.

Мұхтар Әуезов айырқалпақты ағайынның ұлы шығармасын қорғауға  осылайша ерекше атсалысқан. Әрі Шыңғыс Айтматовтың ұстазы да болған. Әдебиеттанушылардың айтуынша, қырғыз жазушысын шығармашыл ортаға баулыған да осы Әуезов екен.

Мұрат Әуезов, жазушының ұлы:

- Менің рухани жан дүниемнің қалыптасуына әкем ерекше әсер етті. Өмір жолымда тек жақсы адамдармен жолығуыма да әкемнің көмегі көп. Әрқашан бағыт-бағдар беріп отыратын.

Жазушы қырғыз елінің мәдени мұрасына ғана емес, әсем табиғатына да ерекше ықыласпен қарайтын. Тіпті Ыстықкөл туралы айтқан сөздері бүгінге дейін ел аузында. Қазір сол жерде оның музей үйі жұмыс істеп тұр.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы