389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғалымдар еліміздегі мал жайылымына жарамды жерлерді анықтап беретін болады

  • 1007
  • UPD: 22:22, 17.09.2017

Қазақ даласында 5 мыңнан астам шөптің түрі бар. Олардың ішінде дәрілік, әсемдік, жабайы және мал азығына пайдаланылатын өсімдік түрлері де кездеседі. Ғалымдар пікірінше, елімізде топырақтың тозуы салдарынан жайылым жерлер де азайып бара жатыр. Ал жер құнарлылығы мен жайылым көлемін ұлғайту үшін геоботаникалық ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. Осындай мақсатпен Алматы облысында биылдан бастап, тиісті іс-шаралар қолға алынбақ.

Мал шаруашылығын дамыту үшін алдымен жайылым болу керек. Топырақтың құнарын үнемі назарда ұстап, зерттеу қажет. Бұл мәселені түбегейлі зерттейтін ғылым- геоботаника деп аталады. Яғни өнімділікті, жайылым мен шабындықты анықтап, қанша мал басын ұстауға болатынын есептейді. Қазір бұл жұмыс Алматы облысының Райымбек және Жамбыл аудандарында басталып кеткен. 

Венера Сайболатова, геоботаник:

- Біз мал азығына жарамды, дәрілік әрі улы өсімдіктердің түрін, түсін жалпы типологиясын  зерттей отырып, жайылымға  баға береміз. Топырақтың құнарлылығын  анықтаймыз. Бұл жайылымды дұрыс пайдалану үшін қажет.

Мамандар  пікірінше, елімздің көп аймағында топырақ құнары төмендеп кеткен. Жайылым да жеткіліксіз. Өйткені жекеменшік жер иелері малды бей-берекет жайып, шөптің сан алуандығына, алқаптардың өнімділігіне мән бермейді.

Сақып Таирова, геоботаник:

- Геоботаникалық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жайылым жерлер картограммасын жасап береміз. Ол деградацияға ұшырап жатқан жерлерді анықтай отырып, соған байланысты тиімді пайдалану шараларын біз ұсынамыз.

Геоботаниктердің  мақсаты - топырақ эрозиясын қалыпты деңгейде сақтап, жайылым көлемін арттыру. Алайда ол оңай шаруа емес. Ол үшін аймақтардағы жергілікті атқарушы билік пен шаруа қожалық иелері де атсалысуы қажет. Әзірге мамандар оларға қай мезгілде қандай алқапты қолданып, топырағын құнарландыру жөнінде кеңес берумен шектеліп отыр. Алдағы 4 жылда елімізде 3 млн гектар жерге геоботаникалық зерттеу жүргізілмек.  

Авторлары: Алмас Садуақас, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы