384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада өрт қауіпсіздігіне байланысты үгіт-насихат жұмыстары басталды

  • 482
  • UPD: 23:07, 23.09.2017

Сақтықта қорлық жоқ. Астанадағы төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері өрт қауіпсіздігіне қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді бастады. Себебі пеш жағу маусымында иіс тиіп, уланып қалатындар саны көбейеді. Мәселен, өткен жылы еліміз бойынша 70-ке жуық адам осындай салғырттықтың кесірінен о дүниеге аттанған. Биыл да мұндай олқылықтың қайталанбасына кепіл жоқ.

«Өйткені пешінің моржасын ертерек тазартпайтындар баршылық», - дейді мамандар.

Өртке қарсы іс-шаралар қарапайым ережелерден басталады. Бөлмені жылытуға арналған электр құралдарын қараусыз қалдырмау, бір мезгілде бірнеше жабдықты қоспау секілді ескертулер жиі айтылады. Есіл ауданының төтенше жағдайлар қызметкерлері де әдеттегі әңгімені тұрғындар арасында қайталаудан жалықпайды. Себебі өрттің салдарымен күресуден гөрі оның алдын-алу әлдеқайда жеңіл.  

Асқар Қасымов, Есіл аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

- Есіл аудандық төтенше жағдайлар басқармасының өртке қарсы қызметкерлері бір ай бойы жеке тұрғын үйлердің қысқа әзірліктерін тексереді. Сонымен қатар, тұрғындарға өрт қауіпсіздігіне арналған жадынамалар таратамыз. Пешке от жағуда мұқият болу керек екенін түсіндіреміз.     

Күздің қара суығында жеке тұрғын үй секторларында от жағу маусымы басталады. Көбісі мұндайда пеш пен түтін шығатын моржаны тазалауды ұмытып кетіп жатады. Осыны ескерген мамандар биыл халыққа жадынама таратумен шектелмей, өздері де осы іске бел шеше кіріскелі отыр.    

Дидар Өміржан, Есіл аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бөлім инженері:

- Моржаны уақытында тазаламаудың кесірі иіс тиіп улануға соқтыруы мүмкін. Есіл аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ЭКСПО аяқталған соң ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондықтан біз жағдайы төмен отбасылар мен мүгедек жандардың үйлеріндегі пештерін тазалап беруді жөн көрдік. 

Астана маңындағы ауылды аралаған мамандар, бүгін жеке тұрғын үйлердің моржаларын тазалап, қысқа дайындықтарын тексерді. Қызметкерлер мұндай жұмыстар өрттің алдын алуға оң әсерін тигізетінін айтады. Мысалы, былтыр өрттің шығу жағдайлары алдыңғы жылдармен салыстырғанда 17 пайызға азайып, сәйкесінше қайғылы жағдайлар да 35 пайызға кеміген. Мұндай алдын алу іс-шаралары бір айға дейін жалғасады. 

Авторлары: Лариса Гречихина, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы