387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында малдың жаппай қырылу себебі анықталып жатыр

  • 613
  • UPD: 15:20, 27.09.2017

Жамбыл облысында малдың жаппай қырылуына қатысты облыс әкімі пікір білдірді.

Айта кетейік, өткен апта соңында кәріз суы жиналған көлден су ішкен мал өлекселері табылды. Шаруалар төрт түліктің жаппай арам қатуын жақын маңдағы өндіріс орнынан көрген болатын. Себебі Натрий-цианид зауыты химиялық қалдықтарын сол көлге төгеді екен. Кәрім Көкірекбаевтың айтуынша, қазір зауыт уақытша жұмысын тоқтатқан. Тиісті сараптама жұмыстары жүріп жатыр.

Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі:

Талас ауданында Натрий-цианид зауыты салынып, 2015 жылы іске қосылды. Бірақ осы уақытқа дейін зауыт аймағында малдың қырылуы сынды мәселе туындаған жоқ. Бірақ жуырда осындай мәселе көтерілді. Біз облыстық комиссия құрып, сонда жібердік. Қазір сот шешімімен зауыт жабылды. Бұған қоса Астанадан да тәуелсіз сарапшылар шақырттық. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Комиссияның нақты шешімі шыққанға дейін зауыт жұмысы тоқтатылады.

Сондай-ақ әкім 8 айда атқарған жұмысын қорытындылап, аймақтың басты жетістіктерін жіпке тізіп берді. Осы кезең аралығында облыс бюджетіне 164 млрд теңгеден аса түсім түскен. Биыл Индустрияландыру картасы аясында жалпы 13 жоба іске қосылып, 1300-ден аса жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ аумағы 267 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазір тағы 4 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал ауыл шаруашылығы саласында 104 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, қамбаға 1 млн 200 мың тонна астық жиналды. «Тараз индустриялық паркі» аймағында жылына 300-ге дейін электроавтобус шығаратын зауыт салу туралы келісім жасалды. Жоба құны шамамен 3 млрд теңге.

Хабар 24 телеарнасы