387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Денсаулық министрі: Қазақстандықтар дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге көп шығындалады

  • 653
  • UPD: 21:47, 28.09.2017

Түзету мекемелерінде медициналық көмек алуды жеңілдету үшін не істеу керек?

Бас бостандығынан айырылғандар дәрігердің көмегіне қаншалықты жүгінеді? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шетелдіктерге қолжетімді бола ма? Қоғамда қордаланып қалған осы сұрақтар Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында талқыланды.

Елімізде 36 мыңға жуық адам түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Олардың 700-і зейнеткер, 400-ден астамы мүгедек. Дені медициналық көмекке зәру дейді сарапшылар. Жалақысы аз болғандықтан, түзету мекемелерінде ақ халаттылар жетіспейді. Сондықтан көп жағдайда жедел көмек кешігіп жатады.

Азамат Шамбилов, Халықаралық түрме реформасы Орталық Азиядағы директоры:

– Халыққа қызмет көрсетіп жүрген дәрігерлер түрмеде де көрсетуі керек. Бұл әлемдік тәжірибе. Қоғамдағы дәрігерлерге жоғарғы жалақы беріп, оларға белгілі бір дәрежеде тренингтер өткізіп дайындауымыз қажет.

Комиссия отырысында қоғамда қызу пікірталас тудырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайы талқыланды. Жаңашылдыққа жауапты министр Елжан Біртановтың айтуынша, қорға шамамен 8 млрд теңге жиналған. Қаржы Ұлттық банкте сақтаулы. Реформа толықтай жүзеге аспайынша, тиынына тиісуге рұқсат жоқ. Тұрғындардың медициналық ахуалы жайлы есеп берген министр халықтың өмір сүру жасы 6 жылға ұзарғанын айтты. Сәйкесінше, ана мен бала өлімі азайған.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Қазақстандықтар дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге көп шығындалады. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің аздығына байланысты болып отыр. Мысалы, Қазақстанда 1 адамға жылына 150 доллардан келеді десек, бұл көрсеткіш дамыған елдерде 2 мың доллардан төмендемейді. Былтыр медицинаға жұмсалған шығындардың 40% қазақстандықтардың қалтасынан шыққан. Ал әлемдік стандарт бойынша бұл көрсеткіш 20% аспауы тиіс.

Өз ішіміздегі жағдай реттелуі тиіс. Ал шетелден келгендердің жағдайы не болмақ? Сарапшылар осы мәселені түсіндіруді сұрады.

Ольга Волкова, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі:

– Мені елге келетін мигранттардың жайы толғандырып отыр. Егер оларға медициналық көмек қажет болса не істейді? Олар қандай да бір медициналық көмек алуға құқылы бола ма?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Егер қандайда бір жағдай бола қалса, біз міндетті түрде көмек көрсетеміз. Екпе егіледі. Жаңашылдық жүзеге асырыла бастағасын, шетелдіктер Қазақстан шекарасын кесіп өткеннен кейін міндетті түрде сақтандырылуы керек. Біз оны талап етуіміз қажет. Біздің елімізде тұратын шетелдіктер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысады. Олардың балалары мен тума-туыстары осы сақтандыру қоры арқылы ем-дом қабылдайтын болады.

Сарапшылар министрдің ұсыныстарын қолдап отыр. Өйткені әлемнің дамыған елдері тұрмақ іргедегі көршілеріміздің өзі медициналық сақтандыру жүйесінің шарапатын көріп отыр. Сондай-ақ комиссия мүшелері министрге медициналық қызметкерлерді қағазбастылықтан арылту қажеттігін де жеткізді.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы