383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Келер жылдан бастап ауаның ластануын бақылайтын жаңа құрал қолданыла бастайды

  • 503
  • UPD: 21:48, 28.09.2017

Астанада өткен ЕХРО 2017 көрмесінде жұрт назарына ұсынылған финдік технология келер жылдан бастап елордада қолданыла бастайды.

Автоматты құрал Астана ауасының ластануын бақылап, күн райын болжау жұмысына да пайдаланылады. Бұл туралы «Қазгидромет» мекемесінің өкілдері хабарлады. Жаңа қондырғы тексеруден сәтті өтсе, ел аумағында кеңінен қолдану көзделіп отыр.

Әзірге бас шаһарда тек бір ғана құрылғы орнатылған. Автоматты құрал 6 ластауыш затты анықтайды. Қолданыстағы ресейлік құрылғыларға қарағанда, финдік құрылғының артықшылығы көп деседі. Көлемі шағын, мобильді әрі арнайы жер бөлуді қажет етпейді.

Дана Аманбаева, «Қазгидромет» РМК зертханасының басшысы:

– Құралды бағана, дуал немесе ғимараттың төбесі сияқты кез келген жерге орнатуға болады. Жайма шуақ кезде энергияны күн көзінен алатын өлшеуіштің дәлдігі де жоғары. Оның ағаттығы 1-3 пайызды ғана құрайды.

Мамандардың айтуынша, Астана ауасының ластану деңгейі жоғары. Салыстырмалы түрде бұл Алматы, Өскемен, Балқаш, Ақтау қаласымен бірдей. Бас қаламызды негізінен автокөліктер ластайды. Бірақ қала қонақтары елорданың ауасы таза деген пікірде.

Ори Баркан, саяхатшы: /Израиль/

Біз Израильден бүгін келдік. Қалаға шыққанда Астана ауасының өте таза екенін байқадық. Біздің Тель-Авив қаласына қарағанда, еш ластанбанған. Бізге қатты ұнады.

Ал бірегей құрал ауаның ластануын өлшеу үшін ғана емес, күн райын болжау үшін де қолданылады. Яғни ауадағы өзгеріске қатысты мәліметтер жинақтайды.

Салтанат Бәсембекова, «Қазгидромет» РМК экологиялық бақылау департаментінің қызметкері:

– Автоматты құрылғы ауаның температурасын, ылғалдылығын, қысымын, жауын-шашын және желдің жылдамдығы мен бағытын анықтайды. Мәлімет әр 5 минут сайын түседі. Оны бұдан әрі де жетілдіру жоспарда бар.

Жаңа құрылғы келесі жылдың сәуір айына дейін сынақтан өтеді. Қазір фин тарапы құралға азот оксиді мен күкірт сутегін анықтауға арналған сенсор орнатуды қарастырып жатыр. Егер «Вайсал» компаниясы құрылғыны осы екі бөлікпен толықтырып, сынақ нәтижелері қазіргі құралдың қорытындысымен сәйкес келіп жатса, қолданысқа енгізіледі.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Жәния Оразымбетова

Хабар 24 телеарнасы