389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Enactus-2017: қазақстандық студенттер үшінші орын алды

  • 1066
  • UPD: 14:05, 29.09.2017

Ұлыбританияда елден ерек бизнес идеяларды сарапқа салған Enactus-2017 атты әлем чемпионаты өтті.

Шараға 36 мемлекеттен келген өкілдер қатысты. Жаңашыл қадамын жария еткендер арасында қазақстандық студенттер де бар.

Энактас командалары халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған жобаларды жасап, жүзеге асырулары қажет. Тақырып экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады. Шынайы нәтиже көрсеткендері ғана жүйрік болып танылады.

Студенттік кәсіпкерліктің, стартап жобалар мен инновациялық идеялардың байқауында Қазақстанның атынан қатысу құқығын Семей қаласының Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті жеңіп алған болатын. Олардың Шығыс Қазақстан облысы ауылдарындағы бизнесті дамыту, фермаларға жұмысқа орналастыру, жасөспірімдерге арналған «Батылдық мектебі» және «Күн көріс мектебін» ұйымдастыру бойынша жобалары Қазақстандағы 129 жоғары оқу орны арасында үздік деп танылған.

Шырын Құрманбаева, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің ректоры:

- Президентіміз не деген? «Бәсекелестікке қабілетті болыңдар» деген. Соның бәріне қосып жатқан үлесіміз. Жастарымызға жеңіс қана тілейміз.

Бүгінде семейлік студенттерге әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы инновацияларды зерделеуге, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастармен тәжірибе алмасуға және ең озық университеттермен байланыс орнатуға ерекше мүмкіндік туды.

Аслан Төленов, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенті:

- Қазір түрлі мәдениет өкілдерінің көрмесі өтіп жатыр. Қазақстан командасы ретінде өз өнерімізді, ұлттық тағамдарымызды 36 елден келген халыққа танытып жатырмыз.

Сондай-ақ Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің студенттері домбырада күй ойнап, ұлттық би биледі. Көрермендер олардың өнерлеріне тәнті болып, қосыла кетті. Айтпақшы, екі жылдан кейін Enactus-2017 әлем чемпионаты Қазақстанда да өтуі мүмкін. Қазір шара ұйымдастырушыларымен және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүріп жатыр.

Раимбек Баталов, Enactus Кazakhstan компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз осы мүмкіндікке ие болғымыз келеді. Шараның қалай ұйымдастырылатындығын көру де біз үшін өте маңызды. Сондықтан мұнда тәжірибе жинақтау үшін келдік.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлт өзінің бәсекеге қабілеттілігін дамыта отырып қана жетістікке жете алады делінген. Семейлік студенттер ХХІ ғасыр жастарына қажетті сол қасиеттерден кенде еместігін дәлелдеді. Жарыс қорытындысы бойынша олар жүлделі үшінші орынды қанжығалады. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы