384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бизнестің жол картасы-2020»: Ақтөбе облысында 200 жоба қолдау тапқан

  • 603
  • UPD: 09:45, 30.09.2017

Ақтөбе облысында мемлекеттің көмегімен жеңілдетілген несие алып шаруасын дөңгелетіп әкеткендер көп.

Биыл тек «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен 200 жоба қолдау тапқан. Кәсіпкерлердің көбі қызмет көрсету және өңдеу саласындағы жобаларды іске асыруда.

Тәтті торт пен тоқаштың 300 түрін дайындайтын кондитерлік цех мемлекеттің қолдауы арқасында іске қосылды. Жақыповтар отбасылық бизнесті бастау үшін жеңілдетілген несие алған. Заманауи цех күніне 300 келі өнім шығарады. Мерекелік шараларға тапсырыс беретіндер көп. Тәттілерді тек отандық табиғи өнімдерден дайындайды.

Салтанат Жақыпова, кондитерлік цехтің атқарушы директоры:

- «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, оның пайызын мемлекет субсидиялады. Сонымен бірге кепілдік шарты бойынша көмек алдым. Мемлекеттің қолдауының арқасында кәсібімізді кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтіп, қосымша жұмыс орындарын аштық.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асқан 7 жыл ішінде жүздеген кәсіпкер көмек алған. Мысалы, Мәртөк ауданының тұрғыны «Батыс-Еуропа, Батыс-Қытай» халықаралық тасжолының бойында қызмет көрсету орталығын ашқан. Нысанға қажетті инженерлік желілерді бағдарлама бойынша тегін жүргізіп алды.

Гүлшат Берқалиева, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім жетекшісі:

- Бұл бағдарламада бірнеше қолдау түрі қарастырылған. Олар: несие пайызын субсидиялау, несие алған кезде жетіспейтін кепілдік беру, 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант беру және жетіспейтін инфрақұрылымды Үкімет арқылы тегін қайтартып беру.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін биыл облыстық бюджеттен 1 млрд 500 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 8 нысанның инфрақұрылымына 200 млн теңге жұмсалған. Бұл жобалардың көбі аудандарда іске асқан. Мысалы, Мұғалжар ауданында жылыжай мен көлік жуатын орталық ашылса, Әйтеке би ауданында бірнеше кемпинг салынған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы