377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Батысқазақстандық шаруашылықтар ет экспортының әлеуетін арттыруда

  • 691
  • UPD: 07:37, 03.10.2017

Батысқазақстандық шаруашылықтар экспортқа шығарылатын ет пен ет өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүдделі.

Күні бүгінге дейін Иран, Қытай және Ресей елдеріне марқа етін жіберу жөнінде келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар мемлекеттің қолдауын тиімді пайдалану арқылы мал басын асылдандыру бойынша да атқарылған істер көп.

Өңірде жаңа сойылған мал етін қайта өңдеумен айналысатын бірнеше кәсіпорын бар. Еуропалық технология жетістігін өндіріске енгізген бұл кешен де – солардың бірі. Жылына 10 мың тонна өнімді қайта өңдей алатын кәсіпорын ауысымына 700 қой мен 250 бас ірі қара қабылдауға қауқарлы. Барлық өндірістік желілер замануи желдеткіш және мұздатқыш жүйелерімен қамтылған.

Рахым Нағметов, етті қайта өңдеу кешенінің техникалық директоры:

- Кешенде мал союға арналған орындар, етті бөлшектеп, қалыптарға салатын цехтар бар. Орташа температураны сақтайтын 12 камера жұмыс істейді. Сонымен қатар еттің құрамындағы барлық пайдалы заттың бұзылмай сақталуына мүмкіндік беретін арнайы мұздатқыштармен қамтылған.

Комбинат вакуумды қаптамаларға салынған және тоңазытылған етті экспорттауға бағдарланған. Қазірдің өзінде ресейлік бірнеше кәсіпорынмен келісімшарт жасалды. Ал дайын өнімнің алғашқы легі Иран мемлекетіне жөнелтілді. Шикізат жергілікті шаруашылықтардан жеткізіледі.

Насыр Кәрім, Иран Ислам Республикасы компаниясының өкілі:

- Маған ветеринарлық бақылау қызметінің өкілі ретінде осы батысқазақстандық комбинаттардағы ет сапасын қадағалау міндеті жүктелген. Бұл кешен барлық халықаралық талапты бұлжытпай орындап отыр. Еттің сапасы да өте жоғары. Бұл жолы біз 20 тоннаға тарта мұздатылған етті елімізге алып кетеміз. Жалпы 10 мың тонна дайын өнім алатынымыз жөнінде келісімшарт жасастық.

Етке сұраныс болғандықтан, шаруалар мал басын асылдандыруға мүдделілік танытып отыр. Мәселен, асылтұқымды мал басын сатып алған кәсіпкерге алған құнының 50%-ы субсидия есебінен өтеледі. Асылтұқымды қой басына да субсидия төлеу көзделген.

Алмат Есполов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Тапсырылған қозыларға, марқаларға 12 айдан аспағандарға Үкімет тарапынан көмек беріледі, бір басына 1 500 теңгеден. Ал селекциялық асылдандыру бағытына қатысқан жағдайда, оларға 1 500 теңгеден субсидия да төленіп отырады.

Өңірдің ішкі сұранысын өтеуге 50 мың тоннадай ет қажет болады. Сонымен қатар экспорт көлемі 7%-ға артып отыр. Жыл соңына дейін ішкі нарыққа 2 мың тоннадай сиыр етін шығару жоспарда. Шет мемлекеттер нарығына шығарылған қой етінің жалпы көлемі 200 тоннадан асқан.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы