386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл 9 айда АИ-92 маркалы жанармай бағасы бірден 11 пайызға шарықтаған

  • 660
  • UPD: 19:38, 03.10.2017

Яғни бензиннің бағасы 135-тен 150 теңгеге дейін көтерілді.

Бұл мәселе бүгін Үкімет отырысында қаралды. Сондай-ақ азық-түлік бағасы да қымбаттап, жылу маусымында еліміздің кейбір облысында қатты отын құны өскен.

Қазір халық ең көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 147 теңгеден саудаланып жатыр. Кейбір жанармай бекеттері 155 теңгеден өткізіп отыр. Осылайша қаңтар айымен салыстырғанда, қыркүйекте сұйық отын шамамен 15 теңгеге қымбаттаған. Бағаның шарықтауына елдегі мұнай өңдеу зауыттарының күрделі жөндеуге жабылуы себеп. Ал ішкі қажеттілікті өтеу үшін Ресейден жеткізілетін импорт көлемін 2 есеге арттыруға тура келді. Бүгінде елдегі мұнай өнімдерінің 30 пайызы көрші мемлекеттен алынады. Сұйық отынның құны, тасымалдау шығыны мен кеден салығы және теңге бағамындағы айырмашылыққа тәуелді. Бірақ Энергетика министрі келер айда баға тұрақталатынын айтады. Ал әзірге осы межеде сақталады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Егер Ресейде бензинге баға көтерілмесе, 150-155 теңге сақталатын болады. Қараша айында Павлодар мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары бітеді. Сосын қараша айында 3 зауыт жұмысқа шығады. Біздің ойымызша, 25-30 пайыз кемінде Ресейдің бензині болады. Тұрақты болуы мүмкін.

Ал жанармай тапшы болады деп алаңдауға еш негіз жоқ. Сала басшысы осылай деп сендірді. Осы айда елімізде 170 мың тонна АИ-92 бензині шығарылады. Бұған қоса, 100 мың тонна Ресейден жеткізіледі.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Жалпы 15 күнге жететін жылда осындай резервтер бар. Әрине, 1 жылға сақталатын резерв болуы мүмкін. Бірақ ондай қыруар ақша қайда? Нарықтық экономикада кім жасайды? 15 күн жеткілікті. 125-128 мың тонна АИ-92 бензині республикамызда бар. Қазақстанда бензин тапшылығы деген жалған. Тапшылық жоқ.

Жанармаймен қатар, ауылшаруашылық өнімдері де қымбаттады. Жыл басынан бері азық-түлік тауарлары 3, азық-түлік емес тауарлар 5 жарым пайызға өскен. Ақылы қызмет түрлері де көтерілген. Есептен жаңылмайтын Ұлттық экономика министрі кейбір аймақтарда жылу маусымында қатты отын бағасы бірден шарықтап кеткенін айтады.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Қыркүйек айында Астанада қатты отын бағасы 19 пайызға, Алматы облысында 16,4, Ақмолада 10,6 пайызға өскен. Ал өзге өңірлерде баға тұрақты.

Дегенмен тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік бағасы арзандаған. Бүгінде әкімдіктер қорларды 15 пайызға дейін толтырған. Оны жасақтау үшін қазір әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың депозиттік шоттарында шамамен 3,6 млрд теңге қаражат бар. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақмола мен Алматы, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстары бұл жұмысты тездету керек деп санайды.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін әкімдіктер тұрақтандыру қорларын қалыптастыруды қамтамасыз ету керек. Ұсынылған азық-түлік тауарларының көлеміне сүйене отырып, бұл жұмысты биыл 15 қарашаға дейін аяқтауы тиіс.

Әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері тапшы болмас үшін тұрақтандыру қорларын тиімді басқару керек. Ал әкімдіктер Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп, нарықтағы азық-түлік бағасын қадағалап тұруы тиіс. Сондай-ақ Энергетика министрлігі аймақ әкімдерімен бірге жанар-жағармай бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу қажет. Бұл шаралар биыл инфляция деңгейін 7-7 жарым пайыз дәлізінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ұлттық экономика министрлігінің жоспары осындай.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Қанат Әбілдин

Хабар 24 телеарнасы