Елімізде ауа райының ластану деңгейін бақылайтын финдік құрылғы сыналады

EXPO көрмесінде қойылған ауа райының ластану деңгейін бақылайтын финдік құрылғы елімізде сынақтан өткізіліп жатыр.

«Қазгидромет» мамандары инновациялық қондырғыны алдымен Астанада тегін зерттеп көрмек. Егер тиімділігін дәлелдесе, қолданысқа енгізіледі. Бірақ құралдың құны әзірге белгісіз. Бастысы жоғарғы дәлдікке ие шағын көлемдегі құралды кез келген жерге орнатуға болады. Бұл ретте экологтар: «Қазір елімізде ауа райын бақылау бекеттері жетіспейді», – деп отыр. Ал бұл құралдың көмегімен шалғай елді мекендерде ауаның сапасын зерттей аламыз. Қондырғы бұған дейін тек Хельсинки қаласында ғана қолданылған.

Айта кетейік, қазір EXPO көрмесіне қойылған энергетика саласындағы 130-дан аса жоба тестілік жүйеде сыналып жатыр.

Зәуреш Әбдиева, «Қазгидромет» РМК экологиялық мониторинг басқармасының басшысы:

- Біз ай сайын қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпараттық бюллетень шығарамыз. Ары қарай тиісті шаралар қолдану үшін оны министрлікке табыстаймыз және құзыретті  мемлекеттік органдарға жібереміз.