ХКБ-да EXPO 2017 көрмесінің қорытынды есебі тыңдалды

«ЭКСПО-2017» көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев Халықаралық көрмелер бюросында өзінің қорытынды есебін аяқтады.

Ол ауқымды іс-шараға қатысқан ресми мемлекеттердің және келушілердің саны, экономикалық әсері және үш айда ұйымдастырылған мәдени-сауықтық бағдарламалар жайлы нақты ақпараттарды жариялады.

Рәпіл Жошыбаев, Astana EXPO 2017 комиссары:

– Халықаралық көрмелер бюросы талаптарының барлық тармағы бойынша есеп беріп, жоғары бағаға ие болдық. Бюро басшылығы EXPO 2017 көрмесінің жоғары деңгейде өткендігін айтып, алдағы уақытта бұл іс-шара өзгелерге үлгі болатындығын жеткізді. Сондай-ақ жиында болашақта өтетін, яғни 2019 жылы Бейжіңде және 2020 жылы Дубайда болатын көрмелердің әзірлігі пысықталды. Енді біз бір айдан соң ХКБ Бас ассамблеясында EXPO 2017-нің қорытындысы бойынша есеп беруге дайындалып жатырмыз.

Сонымен қатар бюро EXPO 2022 көрмесіне ұсынылған кандидатуралар жайлы ақпараттарды талқылады. Халықаралық іс-шараның келесі қожайындары Бас ассамблеяда қараша айында өтетін дауыс беру нәтижесінен соң белгілі болады. Бұдан бөлек Рәпіл Жошыбаев Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті. Ол Қазақстанды жоғары дәрежеде өткізген көрме нәтижесімен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үнемі қолдау білдіргені үшін алғысын айтты.