Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 144
389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Америкалық профессор Джозеф Роберсон есту қабілетін қалпына келтіру жолдары туралы дәріс оқыды

  • 1223
  • UPD: 17:32, 08.10.2017

Назарбаев Университетіндегі Медицина мектебінің аудиториясында америкалық профессор Джозеф Роберсон дәріс оқыды.

Туабітті құлағы естімейтін сәбилерге саңылау ашып, сауапқа кенеліп жүрген маман біздің елдегі дімкәс жандарға  кеңес беруге келіпті. Әріптесі Джон Райниш екеуі операция арқылы дімкәс балалардың  есту қабілетін қалыптастырады.

Бес жасар Виктория Алесина қазір жақсы естиді. Ата-анасының сұрақтарына жауап береді, қатарластарымен емін-еркін араласады. Бұрын бұйығы еді. Жазда Америкаға барып, операция жасатқаннан кейін есту қабілеті қалпына келіпті. Туғаннан екі құлағы да тас керең еді. Қайырымды жандар қаржылай көмектесіп, Джозеф Роберсеннің қолы жеңіл болып, науқасынан айықты. Айықты дегенде, әзірше бір құлағы ғана жақсы естиді.

Андрей Алесин, Викторияның әкесі:

- Қазақстанда қайырымды жандар қандай көп! Алғысым шексіз! Қызымның бір құлағына операция жасатып келдік. Жақында тексереді. Аудиметрия нәтижесі бізді қуантады деп ойлаймын. Бұрын кереңдіктің төртінші сатысын көрсететін, қазір енді түзелді. Екінші құлағына да жасаса, шіркін.

Микротия бұл – туа біткен құлақ ақаулары, ал атрезия – құлақ қуысының болмауы. Бұл екі олқылықтың амалын тапқан қос бірдей айтулы маман Қазақстанға келді. Джозеф Роберсон құлақ қуысын қалпына келтіруге машықтанса, Джон Райниш деформацияны түзеуге шебер. Профессорларды елге әкелген еріктілер. Ерікті болғанда Джозефтің лекциясын кездейсоқ тыңдаған Гүлзия Досманова құлақ деформациясы бар әрі құлақ қуысынсыз туған қызын емдетуге бел байлайды. Америкаға іздеп барып, операция жасатады. Қайта барғанда жоғары санатты мамандардың Қазақстанға келіп, сәбилерінің дертіне дауа іздеген ата-аналарға кеңес беруін өтінген екен.

Гүлзия Досманова, ерікті:

- Мен осы операцияны өз балама жасатқанмын. Менің қызым осы операциядан Қазақстаннан ең бірінші болып өткен. Екі жақта да туа біткен құлақ ақаулықтары болған. «Ерекше» бала дейді ғой қазақтар, нышаны бар деп. Қазіргі кезде бала жақсы естиді, балабақшаға барады.

Джозеф Роберсон лор-хирург, профессор /АҚШ/:

- Ширек ғасырдан бері осы операцияны жасап жүрміз. Қиын екені анық. Бірақ атрезиялық дерті бар көптеген балалардың есту қабілетін қалпына келтірдік. Енді оны Қазақстанда жасаудың мүмкіндігін қарастырамыз.

Еріктілер немесе нышанды балалардың ата-аналары «Микротия және атрезия» қоғамдық бірлестігін құрады. Елдегі Денсаулық сақтау министрлігіне шығып, туа біткен құлақ ақаулықтарына қатысты шешімдер қабылдануына мүдделі болады. Қазір арнайы «Жол картасын» жасады.

Малика Сұлтан, «Микротия және атрезия» қоғамдық бірлестігінің президенті:

- «Микротия және атрезия» қоғамдық бірлестігі «Ана мен бала» орталығында шеберлік сыныптарының өтуіне атсалысады. «Жол картасына» орай  қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазір Қазақстанда 700-ден астам бала осындай көмекке зәру. Біздің мамандар енді Америка мен Францияда білімін жетілдіреді. 2018 жылдың мамыр айында француз маманы Француа Фермин осы орталықта 15 балаға тегін операция жасауға келісіп отыр.

Медицина мен ғылым бүгінде қарыштап дамып барады. Соны өзгерістерге Қазақ елі мамандары да құштар. Енді осы операцияны меңгерсе, құба-құп болар еді.

Авторлары: Амангелді Сейтханов, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы