385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Тарбағатай ауданында 250-дей тұрғын кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгермек

  • 1199
  • UPD: 11:39, 12.10.2017

Шығыс Қазақстан облысында ауыл кәсіпкерлігі қарқынды дамып келеді.

Әсіресе «Атамекен» ұлттық палатасы өткізіп жатқан «Бастау бизнес» жобасы шеңберіндегі семинарларға қатысушылардың көбейгені қуантады. Мәселен, жыл соңына дейін тек қана Тарбағатай ауданында 250-дей тұрғын кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгермек.

«Бастау бизнес» жобасына ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Әуелі әрбір азамат онлайн тестілеуден өтіп, кәсіпкерлік бейімділігі анықталады. Мұнан соң 1 ай кәсіпкерлік негіздері, қаржылық сауаттылық, мемлекеттік бағдарламалардың шарттары мен тиімділігі жөнінде теориялық білім алады. Семинарды аяқтаған әрбір қатысушы өз жобасын дайындап, оны қорғап шығады. 

Жасұлан Сейітқалиев, «Атамекен» ҰКП бизнес-жаттықтырушысы:

- Тарбағатай ауданы бойынша бұл 5-легіміз, 4 топ бойынша 130 адам оқытылды. Қазір 5-топта 50 адам оқытылып жатыр. Оның ішінде 4 топ бойынша 23 адамы қаржыландырылды. Оның 18 қатысушысы «Бастау бизнес» жобасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» және 5 қатысуышымыз «Аграрлық несие корпорациясынан» қаржыланды.

Әрбір жобаға қаржылай қолдау ғана емес, құжаттар рәсімдеуде көмек беріледі. Осы жобаға қатысып, өз кәсібін дөңгелеткендердің бірі – Нұрлан Рақымжанов. Ол оқуды тәмамдап, наубайхана ашу жобасы бойынша 4 миллион теңге несие алған.

Нұрлан Рақымжанов, Ақжар ауылының тұрғыны:

- Еңбек еткен адамға әрқашан жұмыс бар, Үкімет жақсы қолдап отыр, 6%-дық жеңілдікпен беріп отырған несие өте тиімді деп ойлаймын. Алған несиемді өзімнің жасаған бизнес жоспарым бойынша пайдаланып, ары қарай кәсібімді дамытып, тағы да 2-3 адамға жұмыс орнын ашып, ауылымның экономикасы мен әлеуметтік дамуына үлес қосқым келеді.

Еліміз бойынша биыл бұл жобаға 80 ауданнан 15 мың адам тартылмақ. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 2 есеге көбейеді деген жоспар бар. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы