384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы еңбек ардагері жастардың мал шаруашылығына да ден қойғанын қалайды

  • 788
  • UPD: 17:36, 15.10.2017

Ақмола облысының Жақсы ауданындағы Бектеміровтер әулеті бүгінде өңірдегі өнегелі отбасылардың біріне айналып отыр.

Еңбек ері Жанғожа ақсақал мен «Алтын алқа» иегері Мапруза әжей 12 бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған жандар. Қариялардың жасы 80-ге келсе де, әлі күнге дейін ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.

Жанғожа ақсақал мен Мапруза әжей кезінде Кеңес үкіметінің тұсында 30 жылға жуық шопан болып еңбек еткен екен. «100 қойдан кемінде 95 қозы алу керек» деген қатаң міндетті орындау үшін жыл он екі ай күндіз-түні мал шаруашылығын дамытуға бір кісідей атсалысқан. Бүгінде қариялар 20 жылға жуық зейнет демалысында. «Сол замандағы қиын-қыстау кезеңдер естен кетпейді. Сондықтан бүгінгі жастар қазіргі дәуреннің қадіріне жетіп, бағасын білуі тиіс», дейді қарттар.

Мапруза Бектемірова, «Алтын алқа» иегері:

– Қазіргі заман оңды ғой. Біздің заманымызды осы балаларға бермесін. Қыста қолымыздан айыр, күрек түспейтін. Ол уақытта боран да қатты болатын. Қазіргі жастарға бар жағдай қарастырылған. Бәрі дайын. Ол уақытта бізге бір айда 4 бума ғана шәй береді. Сол шәйдің өзін «үнді шәйі» деп қуанып алатынбыз. Бала-шағаға шұлық беретін.

Қарлығаш Бектемірова, қызы:

– Ауыл алыс болатын. Анам ат арбамен келіп, мектептегі бізді бір бақылап кететін. Кейін ат арбамен жайлауға әкемізге баратын.

Жанғожа ақсақал мен Мапруза әжей қазір 12 баладан 26 немере, 20 шөбере сүйіп отыр. Барлығы да өмірде өз жолдарын тапқан. Біреуі мұғалім, бірі дәрігер, тігінші мен мемлекеттік қызметкер де бар. Ал мал шаруашылығымен ақсақалдың тек бір баласы ғана айналысады екен.

Қарлығаш Бектемірова, қызы:

– Қазір әкемнің жолын жалғастырып отырған – ағам Жақсылық. Сол ауылда тұрып, мал ұстап, 100-ден астам қой бағады. Ірі қара да бар. Әкем мен анам да, біз де ризамыз.

30 жыл бойы мыңдап мал баққан Жанғожа ақсақал, ата кәсіптен әлі күнге дейін қол үзген емес. Үй жанындағы 5-6 бас ірі қара мен 30 шақты қойға қарттығына қарамастан, күні бүгінге дейін өзі қарайды. Тәжірибелі шопанның айтуынша, бүгінде мал бағу, әлдеқайда жеңілдеген.

Жанғожа Бектеміров, еңбек ардагері

– Ірі қара малды да бақтық. Ол уақытта шөпті қолмен шабатын. Сосын өгізбен артып, арбамен тасиды. Қазір техниканың бәрі бар. Бұрынғы уақытта атпен бақсақ, қазір көлікпен бағады.

Ақсақал бүгінде мал шаруашылығына немерелерін де баулығысы келеді. Алайда қарт қала баласының қазір дала тіршілігіне қызығушылығы шамалы екенін айтады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы