384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемдегі ең ұзын кестелі сырмақ Қытайдың Ақсай қазақ автономды ауданында тігілген

  • 1552
  • UPD: 19:01, 15.10.2017

Гиннестің рекордтар кітабына енген сырмақты екі шебер жарты жылдай тігіп, мемлекеттің 60 жылдығына тарту еткен.

Ақсай қазақтарының ауданға келген меймандарға мақтанышпен көрсететін бірнеше дүниесі бар. 24 өрімдік жуан қамшы, алып арқардың бас сүйегі, 100 қойдың еті сиятын қазан, мұның барлығы Ақсай қаласындағы қазақ ұлттық музейінде тұр. Мұратбек Құсанұлы бұл мұражай Қытай аумағындағы ең үлкен мұражай екенін айтып, мақтанады.

Мұратбек Құсанұлы, Ақсай аудандық қазақ ұлттық мұражайының қызметкері:

– Мұражайдың көлемі – 3200 шаршы метр. Бұл біздің Ақсай ұлттық қазақ мұражайы Қытайдағы ең үлкен қазақ мұражайы саналады.

Ақсайдағы қазақ ұлттық музейіндегі ең құнды заттың бірі ұзындығы 60 метрлік Гиннестің рекордтар кітабына енген сырмақ. Оны екі шебер 5 ай бойы тіккен.

ҚХР құрылғанына 60 жыл толуына орай жергілікті екі шебер осындай тарту жасауды ұйғарған. Ені 2,5 метрлік сырмақтың шетіне 56 кептер мен гүл кестеленген. Бұл осы елде тұратын 56 ұлттың татулығын бейнелейді.

Мұратбек Құсанұлы, Ақсай аудандық қазақ ұлттық мұражайы қызметкері:

– Әсіресе ары жағында біздің көсеміміз Мао Цзедун ұлттар ынтымағын дәріптеп, алға басып келе жатқанынан көрініс.

Салмағы 40 келі, бір мүйізінің өзі 147 см асатын дүниедегі ең алып құлжаның бас сүйегі де осында. Музейдің ауласында зәулім киіз үй орналасқан. Ақсайлық үгіт бөлімінің қызметкері Сәрида Құсыманқызының сөзінше, 1998 жылы кірпіш пен темірден тұрғызған ғимараттың Азияда теңдесі жоқ.

Ерқанат Нүсіпұлы, Ақсай аудандық мәдениет және дене тәрбиесі орталығының қызметкері:

– Бұл – 2013 жылы жасаған дүниежүзіндегі ең үлкен көміш. Бір кезде 100 қой, әйтпесе 100 қозыны қақтап, дастарханға шығарғанбыз.

Жалпы Қытай қазақтары жиі рекорд жаңартады. Бұған дейін он мың адам қара жорға билеп, таң қалдырса, кейін он мың домбырашы күй тартып, рекорд орнатқан болатын.

1111 метрлік ең ұзын қазы аударған да Қытайдағы қандастар. 

Хабар 24 телеарнасы