388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ-қырғыз шекарасы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр

  • 563
  • UPD: 19:24, 15.10.2017

Көршілес Қырғыз Республикасында елдегі ең басты саяси сайыс президенттік сайлау өтіп жатқанына қарамастан, қазақ-қырғыз шекарасы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Осыған байланысты арлы-берлі өтетін тұлғаларды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеру күшейтілді. «Бұл жұмыстар Еуразиялық Экономикалық Одақ заңнамаларына сәйкес жүріп жатыр», дейді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесі бойынша, өткізу пунктінен тыс шекара режимін бұзған Қырғыз Республикасының 65 азаматы және көші-қон заңнамасын бұзған 14 адам ұсталды. Соңғы тәулік ішінде 131 көлік құралы тексерістен өтіп, заңды өрескел бұзған 13 көлік иесіне 285 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Жолаушылар тасымалдау үшін тұрақты рұқсаты жоқ бір автобус айып тұрағына қамалды. Оныншы қазаннан бастап қазақ - қырғыз шекарасында ветеринарлық бақылау да күшейтілді. Қазіргі кезде 6 ветеринарлық бекетте 32 инспектор жұмыс істеп жатыр. Ал 13 қазан күні Қарасу бекетінде ветеринарлық ережені бұзғаны үшін бір автомашина ұсталып, оған айыппұл салынып, жүгі кері қайтарылған. Бұдан өзге салмағы екі жарым тонна ауылшаруашылық тауарларында арнайы белгі болмаған. Бұл ұлттық заңнамамен қатар Еуразиялық Экономикалық одақтың да талаптарын бұзу болып саналады.

Жоспарлы шекаралық операция қазақ-қырғыз шекарасының Қордай учаскесі арқылы өтетін адамдардың санына ешқандай кері әсерін тигізбеген. 10-11 қазанда қырғыз бағытына 18 мың 680 адам шығып, Қазақстанға 14 мың 867 адам келген. Бұл осы кезеңдегі орташа статистикалық мәліметке сәйкес келеді.

Хабар 24 телеарнасы