376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасында «Пәленшеевтер» телехикаясының екінші маусымы көрерменге жол тартады

  • 752
  • UPD: 22:08, 18.10.2017

«Хабар» телеарнасының жаңа маусымдағы тағы бір тартуы жақында экранға жол тартады.

Бір жарым жылдық үзілістен кейін «Пәленшеевтер» телехикаясының екінші маусымы көрермендерімен қауышпақ. Телехикаяның бірінші маусымын көрермендер жылы қабылдаған болатын. Көңілді, ерекше, талантты кейіпкерлер үйде де, түзде де қағытпа қалжыңдарымен езу жиғызбайды. Басты кейіпкердің бірі – МАИ қызметкері. Оның әйелі – дәрігер. Олар желілік маркетингпен айналысады. Банкте жұмыс істейтін балалары арқылы несие алғысы келетін отбасының әрекеттерін сырттай бақылаған тіпті қызық.

Төребек Бейсебаев, телехикая режиссері:

– Әр режиссердің өзіндік қолтаңбасы болуы керек. Сондықтан бұл кішкене басқашалау болады. Бірінші маусымға қарағанда, екінші маусым қызығырақ болатынын сеніммен айта аламын.

Фильмнің сценарийі әдемі әзіл мен астарлы қалжыңға негізделген. «Қызықты оқиғалардың ортасында жүріп, түсірілім алаңында шаршағанымызды ұмытып кетеміз», дейді шығармашылық топ өкілдері. «Біріккен істе береке бар» демекші, жұмыла жасаған еңбектің жемісін көрермен жоғары бағалайды деген сенімде.

Лидия Кәденова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

– Шын жүректен жасап жатырмыз. Бұл – көп адамның адал еңбегі. Сондықтан да болар, ел көңілінен шығады деген ойдамын. Керемет философиялық дүние күтпесек те, демалыста отбасымен көруге болатын, тәрбиелік маңызы да бар телехикая.

Телехикаяның екінші маусымы 30 бөлімнен тұрады. Жаңа маусымда кейіпкерлер мен режиссер ауысқан. Бірақ авторлардың айтуынша, басты ұстаным өзгермейді. Актерлар түймедей нәрседен түйедей дүниені жалғастырып, қандай жағдай болмасын, бір шаңырақта, мол дастархан басында жиналуды ұмытпайды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы