385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда ақпарат және коммуникациялар туралы жаңа заңның жобасы талқыланды

  • 780
  • UPD: 00:09, 24.10.2017

Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді. Осы қанатты сөздің маңызы қазір тіпті арта түскендей. Ғылым мен техника дамыған заманда отандық ақпарат айдынының қаупісіздігі һәм бәсекеге қабілеттілігі қажет. Осы орайда «Ақпарат және коммуникациялар» туралы жаңа заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына енгізілген болатын. Атырауда аталған заң жобасын талқылаған алқалы жиын өтті. Оған Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған Мәжіліс депутаттары да қатысты.

Қазіргі ақпарат айдыны қарусыз майдан секілді. Сәт сайын ағылған ақпарат ағыны арасынан ақ-қарасын ажырату тіптен қиын. Осы тұста отандық ақпарат кеңістігін заңмен бір реттеп алу қажет болды. «Ақпарат және коммуникациялар туралы» заң жобасы қоғамда ұзақ әрі қызу талқыланған құжат. Соның нәтижесінде заң жобасына 200-ден астам ұсыныс түсіп, оның 70-і құжатқа енгізіліпті. Осы түзетулер негізінде 4 кодекс пен 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Жанат Қожахметов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы:

- Заң жобасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары ескерілген. Атап айтсақ, прайм-таймда кем дегенде бір жаңалықты міндетті түрде сурдоаударма немесе субтитрмен қамтамасыз ету.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Уақыт өзгерген сәтте уақыттың барометрі БАҚ өзгерген сәтте заңның өзгеруі – тиісті қажеттілік.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде үш мыңнан астам ақпарат құралы тіркелген. Оның 84%-ы газеттер мен журналдар, 9%-ы электронды БАҚ. 7 пайызы ақпараттық агенттіктер. Заң жобасының басты мақсаты – ақпараттың ақ-қарасын ажырату.

Өркен Кенжебек, блогер:

- Қазіргі Қазнетте, қазіргі баспасөзде фильтр бар ма? Ақпараттың рас-өтірігін анықтайтын норма бар ма? Бұған дейін жоқ болды. Бірақ енді болады. Қазіргі заңнамаға байланысты енді өзі журналист беретін ақпараттың дәйек, дәлелін қатар алып жүруі керек.

Интернет журналистика белсенді дамып келе жатыр. Мұның теріс жағы да жоқ емес. Ғаламтор бетінде бүркеме атпен бір-бірін ғайбаттап жүргендер жетерлік. Сондықтан құжатта интернет пайдаланушыларға жасырын пікір жазуға тыйым салынады. Кейбір қоғам белсенділері мұны ғаламторда сөз бостандығын шектеу деп, пікір де білдірді. Бірақ құжатты әзірлеген министрлік жаңа талап құқық мәдениетін қалыптастыру үшін қажет дейді.

Дәурен Сейітқалиев, блогер:

- Желіге қатысушылар олар дөрекі сөздер айтуы мүмкін немесе жақсы ұсыныс білдіруі мүмкін. Бұл өте маңызды. Ол өз атынан идентификация ашып, өз ойын дұрыс, нақты мәдени тілмен жеткізгені керек. 

Республика бойынша аймақтық БАҚ-тың үлесі 70%-дан асады. Сондықтан заң жобасын талқылау барысында аймақтағы БАҚ өкілдерінің үні де қажет болды. Өңірде кәсіби мамандар даярлау үшін медиамектеп жұмысын бастайды деді жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Атырауда барлығы 47 БАҚ жұмыс істейді.  

Баязи Әбдешов, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры: 

- Республика бойынша БАҚ-тың 70%-н аймақтағы журналистер құрайды. Мысалы, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің өзінде 2 облыстық газет, 7 аудандық газет, 1 электронды портал жұмыс істейді. Бұл заңның осы өңірде талқылануы журналистер үшін өте маңызды.

Сондай-ақ сапар барысында Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің бюро мүшесі Нұрлан Нығматулин мұнайлы өлкенің тұрғындарын да қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтар өз өтініштерін тікелей Мәжіліс төрағасына айтқан соң оң шешімін табарына сенімді. 

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Жомарт Елеуов, Асқар Әбілдаев, Айбол Жұмағалиев

Хабар 24 телеарнасы